GGG – «Канело» жекпе-жегіне коронавирустың кері әсері тиюі мүмкін

Boxingnews24.com сайтының спорт шолушысы Шон Джонc егер коронавирус індеті басылмаса, Сауль Альварес пен Геннадий Головкин арасындағы үшінші жекпе-жек өтпеуі мүмкін екенін айтты, деп жазады Prosports.kz.
Оның айтуынша, індеттің кесірінен боксшылардың көктем-жазда өткізетін жекпе-жектері кейінге қалуы мүмкін. Жоспар бойынша, «Канело» мамырда Билли Джо Сондерспен, ал Головкин - маусымда Камил Шереметамен жұдырықтасуы керек еді. Алайда бұл кездесулер күткен уақытында өтпеуі мүмкін.
«Егер коронавирус кедергі келтірмегенде, Канело мен Головкин 2020 жылы үшінші рет шаршы алаңға шығуы мүмкін еді. Алайда пандемияға байланысты Головкин мен Альварес биыл тек бір жекпе-жек ғана өткізуі мүмкін. Тіпті жылды жекпе-жексіз аяқтауы да ғажап емес», - деп жазады автор.