Қазақстандық файтер ONE лигасында сәтті дебют өткізді
Қазақстандық файтер Арсен Сойырқас ONE Championship ұйымындағы дебюттік жекпе-жегінде жеңіске жетті. Қазақстан өкілі Бангкокта өткен The Inner Circle 32 турнирінде жапониялық Джин Мандокородан басым түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Сабан салмағындағы жекпе-жек кикбоксинг ережесі бойынша өтіп, толық үш раундқа созылды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан Сойырқасқа жеңіс берді.
21 жастағы қазақстандық үшін бұл ONE Championship ұйымындағы алғашқы жекпе-жек болды. Дебют алдында ұйым Сойырқасты жеңіліп көрмеген болашағы зор файтерлердің бірі ретінде таныстырып, оның ONE-нің негізгі жаһандық құрамына енуге ұмтылысын атап өткен.
Сойырқас Qasqyr («Қасқыр») лақап атымен өнер көрсетеді. ONE-ге ауысқанға дейін ол кикбоксингте елеулі нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылы қазақстандық Будапештте өткен WAKO әлем кубогында 57 келіге дейінгі K-1 санатында жеңімпаз атанды.
WAKO базасындағы мәлімет бойынша, Сойырқастың ұйым турнирлеріндегі рекорды – 20 жеңіс және бес жеңіліс. 2026 жылы ол Таиландта өткен WAKO әлем кубогының кезеңдерінің бірінде де жеңіске жетті.
Ал оның қарсыласы Джин Мандокоро қазақстандықпен кездескенге дейін ONE Championship ұйымында бір ғана жекпе-жек өткізіп, онда жеңіске жеткен. Жапониялық файтер ұйымдағы дебютін 2026 жылдың ақпанында өткізіп, екінші раундта Эдуардо Маркарянды нокаутпен жеңген.