2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындықтың негізгі мәселелерін талқыланды
Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) мен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері қатысқан жұмыс кездесуінде 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарына дайындықтың басты бағыттары қарастырылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Келіссөзде АОК бас директоры Хусейн Әл Мусаллам, бас директордың орынбасары әрі ҰОК-пен өзара іс-қимыл департаментінің директоры Винод Кумар Тивари, сондай-ақ, ұйымның салалық департаментінің жетекшілері бас қосты. Қазақстан ҰОК атынан кездесуге бас директор Нұрлан Нөгербек қатысты.
Кездесу барысында басқару құрылымын қалыптастыру және жедел түрде өзара іс-қимыл үшін жауапты тұлғаларды бекіту секілді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар бюджет пен келісімшарттық міндеттемелерге ерекше назар аударылды. АОК өкілдері негізгі талаптар ұйымдастырушылар тарапынан бекітілгеннен кейін ынтымақтастық шарттарын одан әрі талқылауға дайын екенін жеткізді.
Жиын барысында Ойындардың спорттық бағдарламасы қаралып, спортшылардың қатысуы мен делегациялар құрамын жасақтау мәселелері қозғалды.
Сондай-ақ трансляция, IT-инфрақұрылым және техникалық қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар регламент талаптары мен қабылдаушы тараптың мүмкіндіктерін ескере отырып жалғасады. Сонымен бірге халықаралық сарапшылар мен технологиялық серіктестермен қосымша кеңес өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, қатысушыларды тасымалдау мен орналастыруға қатысты мәселелер қаралды. Атап айтқанда, көлікпен қамтамасыз ету және спорт нысандарының орналасуын ескере отырып, тұру жағдайын ұйымдастыру талқыланды. Делегациялар үшін халықаралық стандарттардың сақталуына ерекше назар аударылды.
"Өткен кездесу Ойындарға дайындықтың негізгі тәсілдерін келісіп, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Біз Азия Олимпиадалық кеңесімен конструктивті ынтымақтастық орнатып, барлық ұйымдастырушылық міндеттерді белгіленген талаптарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниеттіміз", - деді Қазақстан ҰОК бас директоры Нұрлан Нөгербек.
Кездесу соңында алдағы қадамдар айқындалды. Атап айтқанда, қосымша материалдар алмасу және АОК өкілдерінің спорт нысандарының, инфрақұрылым мен ұйымдастырушылық процестердің дайындығын бағалау үшін инспекциялық сапарын өткізу жоспарланып отыр.
Қазақстан әйелдер құрамасы баскетболдан 1/8 финалға шықты
Қазақстан баскетболдын жағажай Азиадасында алғашқы матчтарын өткізді