Қазақстандық роллершілер Қытайдағы жарыста алты медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Қытайдың Нинхэ қаласында өткен роллер спортынан жарыста алты медаль иеленді. Бұл туралы Prosports.kz хабарлайды.
Қазақстан атынан 13 спортшы қатысып, турнирдің алты дисциплинасының барлығында бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша отандастарымыз үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үшінші орынға тұрақтады.
Алғашқылардың бірі болып сегіз жастағы Валерия Петренко жарыс жолына шықты. Ол 5 шақырымдық марафонға қатысып, барлық жас санатындағы спортшылар арасында 44-орын алды.
Классикалық фристайлда Қазақстан намысын Айлин Сұлтангазина, Есения Козлова және Адель Мұстафаева қорғады. Олар өз тобында тиісінше 17, 19 және 21-орындарды иеленді. Дегенмен қазақстандық спортшылар өнер көрсетудің хореографиялық қыры бойынша жоғары бағаланды.
Слайд дисциплинасында Senior санатында Қазақстанның екі өкілі тұғырдан көрінді. Евгения Бычкова жеңімпаз атанса, Валерия Разлевич күміс медаль иеленді. Ал U15 санатында өнер көрсеткен Кира Кожаева жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Қазақстан құрамасына тағы бір алтын медальді Анвар Ақылбеков сыйлады. Ол Senior санатындағы слайд жарысында топ жарды. 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері үшін бұл маусымдағы екінші алтын медаль болды.
Секіру сайысына Қазақстаннан алты спортшы қатысты. Senior санатындағы қыздар арасында Валерия Разлевич бірінші орын алды. Юниорлар арасында Адель Мұстафаева төртінші, Кира Кожаева жетінші, Амилия Муннавар сегізінші орынға тұрақтады.
Ерлер арасында Анвар Ақылбеков қола жүлдеге ие болса, Владислав Трошков бесінші орын алды.
Жылдамдық слаломында Қазақстан атынан София Хушвакова мен Вадим Козлов өнер көрсетті. Хушвакова юниор қыздар арасында 13-орын алса, Козлов ересектер санатында тоғызыншы болды.
Турнирдің соңғы дисциплинасы баттл сайысы болды. Мұнда Владислав Трошков Senior санатында қола медаль жеңіп алды.
Юниор қыздар арасында Адель Мұстафаева, Есения Козлова, Айлин Сұлтангазина және София Хушвакова тоғызыншы орынға жайғасты. Лидия Шестакова 11-орын алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Нинхэ қаласындағы жарысты алты медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте алғаш рет үшінші орынға көтерілді.