Әлем чемпионаты: Қазақстан элиталық кезеңге шыға алмады
Польшада өтіп жатқан IA дивизионында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы шайбалы хоккейден әлем чемпионатының кезекті ойыны өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Төртінші күнгі басты ойын әлем чемпионатының көшбасшылары Қазақстан мен Швейцария арасында өтті.
Бірінші кезеңде үш шайба жіберіп алған Максим Худяковтың шәкірттері алғашқы жиырма минуттың соңғы секундында бір гол соғып, артықшылықта Илья Громов көзге түсті.
Екінші кезең нәтижесіз аяқталды. Ал үшінші кезеңнің басында Таир Бигариновтың дәл соққысы арқасында Қазақстан құрамасы есеп айырмасын минимумға дейін қысқартты.
Өкінішке қарай, бұдан артық нәтижеге қол жеткізу мүмкін болмады және біздің жас отандастарымыз турнирдегі алғашқы жеңілісіне ұшырады – 2:3 (1:3, 0:0, 1:0).
Бұл жеңіліс Қазақстанға алтынға таласуға және элиталық кезеңге көтерілуге мүмкіндік бермейді. Қазақстан күміс медаль алады және келесі жылы қайтадан бірінші дивизионда ойнайтын болады.
Айта кетейік, Швейцария құрамасы өткен жылы жасөспірімдер арасындағы элиталық әлем чемпионатында өнер көрсеткен болатын.
Ертең Қазақстанның 18 жасқа дейінгі құрамасы ІА дивизионындағы әлем чемпионатындағы соңғы ойынын Словения құрдастарына қарсы өткізеді.
Қазақстан ерлер құрамасы Беларуське аттанды