Қазақстан әйелдер құрамасы хоккейден Азия чемпионатына қатысады
15-18 қазан аралығында Жапонияның Саппоро қаласында әйелдер арасындағы хоккейден Азия чемпионаты өтеді. Бұл құрлық біріншілігінің тарихындағы үшінші турнир, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігінің жүлделері үшін Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея командаларымен сынға түседі.
Қазақстандық хоккейшілерді оңай бәсеке күтіп тұрған жоқ. Турнирдің басты фавориті — жарыс қожайыны Жапония құрамасы. Бұл команда Париж Олимпиадасына қатысып, Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) әлемдік рейтингінде сегізінші орында тұр. Қытай құрамасы 14-орынға жайғасса, Оңтүстік Корея 18-сатыда келеді. Ал Қазақстан құрамасы рейтингте 22-орында тұр.
Қазақстандық хоккейшілер үшін Азия чемпионатының маңызы зор. Құрама бұған дейінгі екі турнирде де жүлдегер атанған.
2024 жылы Бейжіңде өткен алғашқы чемпионатта Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды. Ал 2025 жылы Өскеменде ұйымдастырылған турнирде отандастарымыз осы жетістігін қайталады.
Бұл жолы Қазақстан құрамасы жүлдегерлер қатарынан көрініп қана қоймай, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.
Қазақстан құрамасының матчтар кестесі (Астана уақытымен):
• 15 қазан, бейсенбі, 14:30 — Қазақстан – Жапония;
• 17 қазан, сенбі, 08:00 — Қытай – Қазақстан;
• 18 қазан, жексенбі, 08:00 — Қазақстан – Оңтүстік Корея.
Қазақстан әйелдер құрамасының құрамы
Қақпашылар: Вероника Агеева, Арина Щеколова («Томирис»), Полина Говтва («Алматы»).
Қорғаушылар: Юлия Буторина, Александра Воронова, Дария Молдабай («Томирис»), Катрин Мескини, Полина Яковлева («Торпедо»), Аида Олжабаева, Анна Пяткова («Алматы»), Мадина Турсынова («Айсулу»).
Шабуылшылар: Малика Алдабергенова, Пернеш Ашимова, Елизавета Дюндина, София Зубкова, Лариса Свиридова («Алматы»), Дильназ Саяхаткызы, Мунира Саяхаткызы («Торпедо»), Екатерина Куценко, София Муравьева, Мадианна Нусупова, Анастасия Оразбаева, Александра Шегай («Томирис»).
Қазақстан құрамасының жаттықтырушылар штабы:
• Бас бапкер — Александр Тебеньков;
• Жаттықтырушы — Жасулан Оразбаев;
• Қақпашылар жаттықтырушысы — Дарья Дмитриева;
• Дене дайындығы бойынша жаттықтырушы — Мадина Сегизбаева;
• Бас менеджер — Виктория Сазонова.