Александр Усик чемпиондық белбеулерін босатты
Украиналық боксшы Александр Усик өзіне тиесілі барлық чемпиондық белбеуден бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram желісінде жариялаған бейнеүндеуінде айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
– Мен қазір қолымдағы барлық чемпиондық белбеуден бас тартқым келеді. Кезекте тұрған жігіттер сол белбеулер үшін жұдырықтассын, – деді Усик.
Дегенмен боксшы спорттық мансабын аяқтамайтынын атап өтті.
– Мен белбеулерді босатамын, бірақ спорттан кетпеймін. Өйткені менде last dance – соңғы биім бар, – деді ол.
Усиктің айтуынша, бұл – саналы түрде қабылданған шешім.
– Бұл шешім мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін. Бұл – оқиғаның соңы емес. Жалғасы әлі алда, – деп қосты боксшы.
Қазір Александр Усик аса ауыр салмақта WBC, WBA және IBF нұсқалары бойынша абсолютті әлем чемпионы саналады.
Кәсіпқой мансабында ол бірде-бір рет жеңілген емес. Усик 25 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 16-сын мерзімінен бұрын аяқтаған.
Айта кетейік, ол соңғы жекпе-жегін мамыр айының соңында өткізіп, «кикбоксинг королі» атанып кеткен нидерландтық Рико Верхувенді нокаутпен жеңген.
Қазақстандық танымал бапкер боксшыларды сынға алды