Дмитрий Бивол Артур Бетербиевпен үшінші жекпе-жектің мерзімін атады
Ресейлік боксшы Дмитрий Бивол Артур Бетербиевпен үшінші рет жұдырықтасуға дайын екенін мәлімдеді. Ол тараптар жекпе-жек шарттарын келіссе, трилогия өткізуге қарсы емес, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жартылай ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы кәсіби мансабын аяқтағанға дейін отандасымен тағы бір рет кездескісі келетінін айтты. Бивол кәсіби бокста 40 жасқа дейін өнер көрсетуді жоспарламайтынын жеткізді.
«Егер бұл жекпе-жек өтсе, әрине, қуанар едім. Кәсіби бокстағы уақытым көп қалған жоқ. 40 жасқа дейін белсенді боксшы болып жүргім келмейді. Мансабымды одан ертерек аяқтағым келеді. Егер жекпе-жегіміз мамырға дейін өтетін болса және тараптар келісімге келсе, мен бақытты болар едім. Бұған дейін келіссөздер тоқтап, ортақ шешімге келе алмадық», — деп Биволдың сөзін The Ring журналы келтірді.
Бұған дейін боксшылар арасындағы үшінші жекпе-жекке қатысты келіссөздер нәтижесіз аяқталған еді. Енді трилогияның өтуі тараптардың жекпе-жек шарттары мен мерзімін келісуіне байланысты.
Биволдың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші — 25 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен, және бір жеңіліс.