Садриддин Ахмедовтің рингке қашан оралатыны белгілі болды
Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (15-0-1, 13 КО) биыл желтоқсан айында рингке қайта оралады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл туралы ММА тақырыбында контент түсіретін танымал блогер Әмірхан мәлімдеді. Ол әлеуметтік желіде Ахмедовтің жүгіру жолында жаттығып жатқан видеосын жариялап, боксшымен қысқаша сөйлескеннен кейін оның алдағы жекпе-жегі туралы айтты.
«Құдай қаласа, Садриддин желтоқсан айында жекпе-жек өткізеді. Қарсыласы әзірге белгісіз, бірақ оңай қарсылас болмайтыны анық. Ресми хабарландыру шықса, оны міндетті түрде бірінші болып менен естисіздер», – деді блогер.
Айта кетейік, 28 жастағы Садриддин Ахмедов соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың сәуір айында өткізген. Ол кезде қазақстандық боксшы мексикалық Элиас Эспадаспен (23-9-1, 16 КО) кездесіп, күтпеген жерден тең түскен болатын.