Димаш Құдайберген WBC ұйымының құрмет белбеуімен марапатталды
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген халықаралық жетістіктері мен халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуіне ие болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Марапаттау рәсімі 19 қарашада Мексика астанасы Мехикодағы Palacio de los Deportes аренасында әншінің концерті кезінде өтті. Құрмет белбеуін қазақстандық өнерпазға WBC ұйымының өкілдері табыстады.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, Димаштың әлемдік танымалдығы мен музыка арқылы түрлі халықтарды жақындастыруға қосқан үлесі жоғары бағаланған.
Марапатты табыстау бастамасын WBC президенті Маурисио Сулейман көтерген. Алайда ол салтанатты шараға жеке қатыса алмаған.
Рәсімнен кейін Димаш әлеуметтік желідегі парақшасында марапаттау сәтінен кадрлар жариялап, ұйым өкілдеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ әнші музыка мен спортты табандылық, мінездің беріктігі және үздіксіз еңбектену сияқты ортақ құндылықтар біріктіретінін атап өтті.
Айта кетейік, WBC құрмет белбеуі кәсіпқой бокстағы ресми чемпиондық атақ болып саналмайды. Ұйым оны рингтен тыс салада ерекше жетістікке жеткен танымал тұлғаларға табыстайды.
Еске салайық, қазақстандық Геннадий Головкин бұған дейін орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған.