Садақ атудан ұлттық құрама көшбасшысы алдағы додалар туралы айтты
Садақ атудан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Ильфат Абдуллин маусымды жоғары деңгейде өткізуде, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ол Словенияның Камник қаласында өткен халықаралық Veronica’s Cup турнирінде кезекті жеңісіне қол жеткізіп, жекелей сында алтын медаль жеңіп алды. Мерген Olympic.kz сайтына берген сұхбатында маусымның аралық қорытындысын жасап, ұлттық құраманың нәтижесіне де баға берді.
Камниктегі жеңіс маусымның сәтті бастамасының жалғасы болды. Бұған дейін Абдуллин ерлер құрамасы сапында Таиландтың Бангкок қаласында өткен Азия кубогында чемпион атанған еді. Veronica’s Cup турнирінде де ол классикалық садақ атудан жекелей сында топ жарып, өз деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Іріктеу кезеңін Ильфат бірінші орынмен аяқтап, жарыстың алғашқы екі айналымын бірден өткізіп жіберу мүмкіндігіне ие болды. 1/16 финалда ол Ұлыбритания өкілі Эдвард Грейді 6:5 есебімен жеңді. Кейін Оңтүстік Африка Республикасының спортшысы Вернер Потгитерді 6:4 есебімен жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда үндістандық Парт Сушант Салункхеден 6:4 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда қазақстандық мерген Испания өкілі Юн Санчес Антокуды 6:4 есебімен ұтса, финалда үндістандық Сачин Гуптаны дәл сондай есеппен жеңіп, Veronica’s Cup турнирінің жеңімпазы атанды.
"Жарысқа көңілім толады. Алтын медаль алғаныма қуаныштымын. Негізгі мақсатым – тұрақты нәтиже көрсетіп, жаттығуда дайындаған дүниелерді іске асыру еді. Сонымен қатар жүлде үшін күресуді көздедік. Әу бастан финалға дейін жетуге ниеттендік. Бар мүмкіндігімді көрсетіп, турнир кестесінде барынша соңына дейін жетуді мақсат еттім. Нәтижесінде өзімді толық көрсете алып, чемпион атандым", - деді Абдуллин.
Айта кетейік, Камникте Ильфат екі бірдей жүлдеге қол созым жерде болды. Аралас командалық сында ол Самира Жұмағұловамен бірге қола медаль үшін күресуге дейін жетті. Алайда шешуші кездесуде қазақстандық жұп Словения құрамасына есе жіберді.
"Аралас командалық жарыста жүлде жолындағы бәсеке оңай болған жоқ. Соған қарамастан бұл бізге мол тәжірибе жинауға негіз болып, алдағы жарыстарға тың серпін берді. Осындай додалар спортшының өзіне деген сенімін арттырып, жаңа белестерге ұмтылуға жігер береді", - деді спортшы.
Жалпы, биылғы маусым Абдуллин үшін табысты өтіп жатыр деуге болады. Бұған ірі халықаралық жарыстарда олжаланған жүлделер дәлел. Дегенмен спортшы өз нәтижесіне байыппен қарап, бәріне шынайы баға беруге тырысады.
"Иә, бұл маусым жаман өтіп жатқан жоқ. Халықаралық деңгейде нәтижелер бар, сондықтан өзіме көңілім толады. Бірақ әлі де жұмыс істейтін тұстар жеткілікті. Дегенмен спорттық бабымның біртіндеп жақсарып келе жатқаны қуантады. Алда маңызды жарыстар өте көп.
Маусым қыза түсті. Әрине, бәрі үнемі мінсіз бола бермейді. Дегенмен жоспар бойынша алға жылжып келеміз. Әлі де пысықтайтын дүниелер бар. Бірақ ең бастысы – даму тоқтаған жоқ және негізгі жарыстарға дұрыс бағытта дайындалып жатырмыз", - деді Ильфат.
Қазір ұлттық құраманың демалуға уақыты аз. Словениядағы жарыс аяқталысымен команда бірден Түркияның Анталья қаласында өтетін Әлем кубогы кезеңіне дайындықты бастайды. Аталған жарыс 9-14 маусым аралығында өтеді.
"Қазір бастысы - қалыпқа келу. Уақыт аз болғанымен, дайындық жүйесі Әлем кубогы кезеңіне жақсы деңгейде баруға бағытталған. Сондықтан Әлем кубогына барынша дайын болып баруға тырысамыз.
Қазақстанға қайтпаймыз. Осы жерден бірден Түркияға аттанамыз. Жалпы жағдайымыз жақсы. Ауыр жарақат жоқ. Тек жарыстардан кейінгі шаршау ғана бар. Сондықтан қазіргі бабымызға көңілім толады", - деп атап өтті спортшы.
Абдуллин ұлттық құраманың жалпы деңгейіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандық садақшылар халықаралық аренада біртіндеп өз орнын нығайтып келеді.
"Жалпы алғанда, құраманың нәтижесін жақсы деуге болады. Жақсы көрсеткіштер мен жүлделер бар, даму байқалады. Әрине, барлық жарыста бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Бірақ ең бастысы - біз дұрыс бағытта келе жатырмыз.
Әсіресе блоктық садақ ататын спортшыларымыз көңіл қуантады. Олар әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатынын көрсетіп жүр. Мысалы, Оңтүстік Корея секілді көшбасшы құрамаларды жеңіп жатқанын көргенде ерекше мақтаныш сезімі пайда болады әрі командалық рух күшейеді", - деді Абдуллин күлімсіреп.
Алда Қазақстан құрамасын тағы бірнеше маңызды жарыс күтіп тұр. Антальядағы Әлем кубогы кезеңінен кейін Испанияда тағы бір кезең өтеді. Сонымен қатар ел ішінде бірқатар турнир ұйымдастырылады. Бұл жарыстардың барлығы 2026 жылғы Азия ойындарына дайындықтың маңызды бөлігі болмақ.
Айта кетейік, Словениядағы жарыста Абдуллиннің алтыны Қазақстан құрамасының жалғыз жүлдесі болған жоқ. Блоктық садақ атудан әйелдер арасындағы командалық сында Адель Жексенбинова, Роксана Юнусова және Виктория Лян қола медаль жеңіп алды.