«Кавальерс» көшбасшысы айып соққыларының аздығына шағымданды
«Кливленд Кавальерс» командасының лидері Донован Митчелл плей-офф кезеңінде өзіне қарсы фолдардың сирек тіркелетініне көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Екінші раундтағы «Детройт Пистонсқа» қарсы матчтан кейін баскетболшы төрешілердің шешімдерін сынға алды. Алғашқы ойында ол 23 ұпай жинағанымен, тек екі рет қана айып сызығына тұрған. Оның айтуынша, бұл жағдай бүкіл серия бойы қайталанып келеді.
Митчелл өзін симуляция жасамайтын ойыншы ретінде атап өтіп, дәл осы себептен фолдар тіркелмей қалуы мүмкін екенін жеткізді. Соған қарамастан, ол шабуылды сәтті аяқтаудың жолдарын іздеуге мәжбүр екенін айтты.
Команданың бас бапкері Кенни Аткинсон ойыншыларды қарсылас қорғанысын бұзып, бояулы алаңға жиі енуге шақырды. Оның пікірінше, ызаға ызамен жауап беру арқылы ғана жағдайды өзгертуге болады.
Айта кетелік, матчта айып соққылары бойынша айырмашылық айтарлықтай болды . «Кливленд» 16 рет орындаса, «Детройт» 35 мүмкіндік алды. Дегенмен, Митчелл бұл факторды жеңілістің басты себебі емес екенін атап өтті.