Бұрынғы ұлттық құрама ойыншысы ауыр қылмыстары үшін ұзақ мерзімге сотталды
Доминикан Республикасының бұрынғы баскетболшысы Дагоберто Пенья АҚШ-та кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр қылмыстар жасағаны үшін 60 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Пенья кәсіби мансабының басым бөлігін Испанияда өткізіп, бірнеше клубта ойнаған. Сондай-ақ ол ұлттық құрама сапында 2019 жылғы әлем чемпионатына қатысқан. Мансаптық жолын 2023 жылы аяқтағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі жаттықтырушы болып жұмыс істеген.
Алайда тергеу мәліметінше, дәл осы қызметі оның заңсыз әрекеттеріне бүркемелеу болған. Іс 2025 жылы жәбірленушінің әкесі күмәнді хат алмасуды анықтағаннан кейін қозғалған.
Айта кетелік, полиция жүргізген тергеу барысында Пеньяның кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз материалдарды сақтау, тарату және түсіру әрекеттеріне қатысы бары дәлелденді. Сонымен қатар тағы бір баланы қанау фактілері де анықталған.