Стэн Вавринка кәсіби мансабындағы соңғы матчын өткізді
Швейцариялық теннисші Стэн Вавринка кәсіби мансабындағы соңғы кездесуін өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы Базельде өткен ATP-500 санатындағы жарыстың алғашқы айналымында чехиялық Иржи Легечкамен кездесіп, мансабын аяқтады.
Теннисшінің қоштасу матчы өз отанында өтті. Екінші айналымға шығу үшін күрескен Вавринка екі сетте де қарсыласына есе жіберді – 5:7, 6:7 (2:7). Кездесуден кейін швейцариялық жанкүйерлеріне алғыс айтып, қоштасты. Ол 2026 жылғы маусымның соңында мансабын аяқтайтынын бұған дейін жариялаған еді.
Вавринканың кәсіби теннистегі жолы 2002 жылы басталды. Ол жиырма жылдан астам уақыт ішінде ATP турнирлерінің жекелей сынында 16 рет чемпион атанып, «Үлкен дулыға» жарыстарында үш мәрте топ жарды. 2014 жылы Аустралия ашық чемпионатында жеңіске жетсе, 2015 жылы «Ролан Гаррос» турнирінің титулын иеленді. Ал 2016 жылы US Open жарысында үздік шықты.
Швейцариялық теннисші ұлттық құрама сапында да айтарлықтай жетістікке жетті. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында Роджер Федерермен бірге жұптық сында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ 2014 жылы Швейцария құрамасының тарихта алғаш рет Дэвис кубогын иеленуіне үлес қосты.
Вавринканың ATP рейтингіндегі ең үздік көрсеткіші үшінші орын. Ол 41 жасында мансабын аяқтап, өз буынының ең атақты теннисшілерінің бірі ретінде спорт тарихында қалды.