Даниил Медведев Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің ширек финалына шықты
Ресейлік теннисші Даниил Медведев Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан «Мастерс» сериясындағы турнирдің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz.
2021 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы әрі әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы 1/8 финалда грекиялық Стефанос Циципасты жеңді. Әлемдік рейтингте 43-орында тұрған қарсыласынан Медведев екі сетте басым түсті – 6:4, 7:5.
Кездесу 1 сағат 24 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде ресейлік теннисші сегіз эйс жасап, бір рет қос қателікке жол берді және жеті брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Ал Циципас төрт эйс жасап, бір қос қателік жібергенімен, бірде-бір брейк-пойнтқа қол жеткізе алмады.
Шанхайдағы турнирдің келесі кезеңінде Медведев америкалық Томми Пол мен бельгиялық Зизу Бергс арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.