Қарағандыда ҰОК-ның білім беру семинары өтті
Қарағанды облысының Достық үйінде Азия Олимпиадалық Кеңесінің және Olympic Solidarity бағдарламасының қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті ұйымдастырған «Спорттағы гендерлік теңдік және баршаға арналған мүмкіндіктер» атты білім беру семинары өтті.
Семинарға спортшылар, жаттықтырушылар, спорт менеджерлері мен сала мамандарын қоса алғанда 50-ден астам қатысушы жиналды. Іс-шараның басты мақсаты – инклюзивті спорттық ортаны қалыптастырудың заманауи тәсілдерін талқылау, кәсіби және тұлғалық даму мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ спорт саласында еңбек ететін мамандардың құзыреттерін арттыру болды.
Ресми бөлімді ҚР ҰОК Бас директоры Нұрлан Нөгербек пен Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов ашты.
«Бүгінде спорт тек жарыс алаңдарындағы жоғары нәтижелерді ғана емес, сонымен қатар жаңа сын-қатерлерге үнемі бейімделе білуді талап етеді. Психологиялық тұрақтылық, цифрлық дағдылар және көшбасшылық қасиеттер спортшы мен маманның табысты мансабының ажырамас бөлігіне айналып отыр. Сондықтан білім беру бастамалары Ұлттық Олимпиадалық комитет қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып саналады», – деді Нұрлан Нөгербек.
Өз кезегінде Нұркен Нұратов өңірлерде білім беру жобаларын жүзеге асырудың және спорт қауымдастығының одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Семинардың тақырыптық бағдарламасы бүгінде спорт индустриясындағы кәсіби табыстың маңызды құрамдас бөліктеріне айналған төрт бағытты қамтыды.
Шақырылған сарапшылар спортшыларды психологиялық қолдау, менталдық денсаулықтың маңызы, жаттықтырушылар мен спортшыларға арналған жеке қаржылық жоспарлау тақырыптарында дәріс оқыды. Сонымен қатар заманауи технологияларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жаттықтырушылар штабының жұмысында жасанды интеллектіні пайдалану, жаттығу бағдарламаларын әзірлеу, деректерді талдау, жұмыс процестерін оңтайландыру және цифрлық медиа арқылы теңдік қағидаттарын ілгерілету мәселелері талқыланды. Дәрістердің қорытынды бөлімінде көшбасшылық қасиеттерді, басқарушылық құзыреттерді және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған ауқымды тренинг өтті. Бұл дағдылар инклюзивті күн тәртібін ел ішінде де, халықаралық деңгейде де тиімді ілгерілету үшін аса қажет.
Семинардың тәжірибелік бөлімі интерактивті форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, өңірлік бастамаларды дамыту, жастарды спортқа тарту және спорт инфрақұрылымына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жобалық шешімдер әзірлеу мақсатында талдау жұмыстарын жүргізді. Талқылау қорытындысы бойынша әр топ өздерінің нақты ұсыныстары қамтылған қысқаша қорытынды баяндамаларын қорғады.
Айта кетейік, мұндай іс-шараларды өткізу Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спорттағы адами капиталды дамыту, теңдік қағидаттарын насихаттау және елдің спорт қауымдастығы үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.