Жапониядағы Азия ойындары туралы не білу керек?
Бүгін, 11 маусымда, Жапониядағы ең ірі мультиспорттық жарыстардың біріне дейін 100 күн қалды. 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Аичи префектурасы мен Нагоя қаласы XX жазғы Азия ойындарын қабылдайды. Дүбірлі додаға құрлықтың үздік спортшылары қатысады.
Жапония үшін алдағы Азия ойындары тарихтағы үшінші жарыс болмақ. Бұған дейін ел құрлықтық доданы 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада өткізген. Алайда биылғы ойындар Азия ойындарының бүкіл тарихындағы ең ауқымды әрі технологиялық тұрғыдан ең дамыған жарыс болады деп күтілуде. Көптеген спортшы үшін бұл Париж Олимпиадасынан кейінгі төртжылдықтың басты додасы болса, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындары алдындағы маңызды сынаққа айналады.
Imagine One Asia
Ұйымдастырушылар ойындардың ұраны ретінде «Imagine One Asia» («Біртұтас Азияны елестет») деген сөз тіркесін таңдады.
Бұл тұжырымдама жарыстың негізгі идеясын – спорт, мәдениет және ортақ құндылықтар арқылы Азия құрлығындағы елдер мен халықтарды біріктіруді бейнелейді. Ұйымдастырушылардың ойынша, Азия ойындары даму, достық және өзара құрмет сияқты ортақ ұмтылыстар алдыңғы қатарға шығатын алаңға айналуы тиіс.
Бұл идея жарыстың ресми эмблемасында да көрініс тапқан. Логотиптің визуалды стилі спорттың қуатты энергиясын бейнелейтін иірім сызықтар арқылы динамикалық сипатқа ие болды. Эмблеманың дәл ортасында түрлі түсті сызықтар бір арнаға тоғысып, жоғары қарай – Азия Олимпиадалық кеңесінің ресми белгісі саналатын ашық қызыл күнге ұмтылады. Осы арқылы авторлар бірлік философиясын жеткізуді мақсат еткен.
Эмблемадағы әрбір түстің өзіндік мәні бар. Күлгін түс Аичи префектурасының ресми гүлін меңзейді. Алтын түс Нагоя қамалының төбесін безендіріп, қаланы қорғайды деп саналатын мифологиялық Сятихоко бейнесіне құрмет ретінде таңдалған. Жасыл түс өңір тұрғындарының табиғатқа және экологияға ерекше жауапкершілікпен қарайтынын білдіреді.
Сонымен қатар эмблемадағы сызықтардың тоғысуынан Азия ойындары өтетін орындардың атауларындағы алғашқы әріптер – «A» (Aichi) және «N» (Nagoya) көрініс табады.
HONOHON: аңыз бен заманауи спорттың үйлесімі
2026 жылғы Азия ойындарының HONOHON атты бойтұмардың дизайны да өңірдің самурайлық аңыздарымен тығыз байланысты.
Оның бейнесі жоғарыда аталған Сятихокоға негізделген. Жапон фольклорындағы бұл мифологиялық жаратылыстың жолбарыс басы мен тұқы балығының денесі бар. Ежелгі сенім бойынша, Сятихоко жаңбыр шақырып, өртті тоқтата алады. Сондықтан орта ғасырлардағы Жапонияда оның мүсіндері ғимараттардың шатырларына тіл-көзден және өрттен қорғайтын тұмар ретінде орнатылған.
Олардың ішіндегі ең әйгілілері — Нагоя қамалының төбесінде орналасқан, таза алтынмен қапталған алып мүсіндер. Уақыт өте келе олар Аичи префектурасының басты символдарының біріне айналды.
Алтын сақшыларды қамалға 1612 жылы Нагоя бекінісін салдырған ұлы сегун Токугава Иэясудың бұйрығымен орнатқан.
Егер Сятихоко өңірдің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін бейнелесе, HONOHON от пен судың тепе-теңдігі аясындағы спорттық энергияның көрінісі саналады. Авторлар бойтұмар бейнесіне Азияның түкпір-түкпірінен келген спортшылардың жүрегінде пайда болатын және оларды бір мақсатқа жұмылдыратын күш-қуаттың метафорасын енгізген.
Бойтұмардың атауы көне жапон тіліндегі «Honoho» («жалын») сөзінен шыққан. Бұл атау биік әрі жарқын жанған оттың бейнесімен байланысты. Оның пішіні жапон мәдениетінде молшылық пен өркендеудің белгісі саналатын піскен күріш масағына ұқсайды.
Болашақ Азия ойындары
Алдағы Азия ойындарының бағдарламасы жаңа бастамалар мен эксперименттер алаңына айналмақ. Ең басты жаңалықтардың бірі – аралас жекпе-жек өнерінің (ММА) Азия ойындары бағдарламасындағы тарихи дебюті.
Сондай-ақ виртуалды таеквондо ерекше қызығушылық тудырып отыр. Бұл спорт түрінде қатысушылар қозғалыс датчиктерімен жабдықталған VR-көзілдіріктер арқылы бақ сынайды. Осылайша, жанаспайтын цифрлық жарыс форматы жүзеге асырылады.
Медальдар сарапқа салынатын спорт түрі ретінде киберспорт та бағдарламада сақталып қалды.Сонымен қатар Азия ойындары аясында алғаш рет серфинг, текбол, падел және BMX-фристайл бойынша жарыстар өтеді.
Жалпы алғанда, спортшылар Азия ойындарында спорттың ондаған түрінен жүлделерді сарапқа салады. Олардың қатарында академиялық есу, бадминтон, бейсбол мен софтбол, баскетбол, бокс, брейкинг, күрес, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, гандбол, гимнастика, гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, джиу-джитсу, каратэ, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, оқ ату, регби-7, қазіргі бессайыс, скейтбординг, құзға өрмелеу, сепактакрау, садақ ату, сквош, теннис, ауыр атлетика, таеквондо, триатлон, ушу, семсерлесу, футбол және көгалдағы хоккей бар.
Бүкіл префектураны біріктіретін алау
Азия ойындарының ашылу салтанаты алдындағы ең маңызды оқиғалардың бірі алау эстафетасы болмақ. Ұйымдастырушылар оған арнайы «A Uniting Flame for All» («Баршаны біріктіретін алау») атты тұжырымдама әзірледі.
Эстафетаның ерекшелігі – сабақтастық идеясына негізделуінде. Алау бір мезгілде Токио мен Хиросимада жағылады. Кейін екі алау Нагояға жеткізіліп, Азия ойындарының бірыңғай алауына біріктіріледі.
1000 алаугер қатысатын негізгі бағыт Аичи префектурасының 40 муниципалитетін қамтиды. Осылайша, мыңдаған жергілікті тұрғын Азия ойындарының атмосферасын сезінуге мүмкіндік алады.
Азия ойындарының тарихында алғаш рет негізгі алау эстафетасымен қатар мектептерге арналған арнайы эстафета ұйымдастырылады. Қыркүйек айында ондаған оқу орнының оқушылары өз мектептерінің аумағында алауды бір-біріне табыстай алады. Қазірдің өзінде бұл бастамаға қатысуға жетпістен астам білім беру мекемесі өтінім берген.
Жарысты ұйымдастырудың бес негізгі қағидаты
Азия ойындарын өткізуге өтінім дайындау кезінде Аичи префектурасы мен Нагоя қаласы жарыстың тұтас философиясының негізіне айналған бес басты қағидатты айқындады.
1-қағидат. Спортшылар – басты назарда
Ұйымдастыру комитеті қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, қатысушыларға қолайлы тұрмыс жағдайларын жасауды және ірі халықаралық жарыстарды өткізудегі тәжірибені тиімді пайдалануды көздеп отыр.
Сонымен қатар ойындарды жоспарлау барысында спортшылардың өз пікірлері де ескерілген. Бұл олардың жоғары нәтижелер көрсетуіне барынша қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
2-қағидат. Қолданыстағы инфрақұрылымды барынша пайдалану
Жарыстар негізінен бұрыннан бар спорт нысандарында өтеді. Мұндай тәсіл Азия ойындарын өткізу шығындарын да, жарыстан кейін инфрақұрылымды күтіп ұстау шығындарын да айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Бір қызығы, ұйымдастырушылар дәстүрлі спортшылар ауылын салудан толықтай бас тартты. Оның орнына қатысушылар жарыс нысандарының маңында орналасқан қонақүйлер мен арнайы тұрғын орталықтарға орналастырылады.
Нагоя портында Athletes’ Plaza деп аталатын ерекше тұрғын аймақ құрылады. Ұйымдастыру комитеті алып круиздік кеме – Costa Serena лайнерін жалға алған. Ол 4600 спортшыға арналған жүзбелі тұрғын кешенге айналады. Ал тағы 2400 адам Garden Wharf жағалауындағы екі қабатты ағаш экомодульдерге орналастырылады. Ойындар аяқталғаннан кейін бұл модульдер бөлшектеліп, туризм мен төтенше жағдайлар саласының қажеттіліктері үшін өңірлерге беріледі.
Соған қарамастан спортшылар үшін барлық дәстүрлі қызмет түрлері қарастырылады. Атап айтқанда, тамақтану, медициналық көмек, көлік қызметі, демалыс және қалпына келтіру аймақтары толық жұмыс істейді.
3-қағидат. Озық технологияларды пайдалану
Жапонияның жетекші өнеркәсіптік өңірлерінің бірі ретінде Аичи өзінің технологиялық әлеуетін көрсетуді мақсат етіп отыр.
Заманауи технологиялар жарыстарды ұйымдастыруда, көлік логистикасында, қауіпсіздік жүйелерінде және басқа да бағыттарда кеңінен қолданылады. Бұл спортшыларға, ресми тұлғаларға және көрермендерге барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ұйымдастырушылар жаңа технологиялар арқылы жарыстарды тамашалаудың заманауи форматтарын енгізуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде спорттық шоу бұрынғыдан да қолжетімді әрі әсерлі болмақ.
4-қағидат. Дәстүр мен жергілікті тұрғындардың қатысуы арқылы қонақжайлық таныту
Азия ойындарының қонақтары өңірдің бай тарихи және мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады. Аичи мен Нагоя Жапония тарихындағы Сэнгоку дәуірінің көптеген әйгілі қолбасшыларының отаны ретінде белгілі. Олардың қатарында Ода Нобунага, Тоётоми Хидэёси және Токугава Иэясу бар.
Ойындарды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына мемлекеттік органдар, спорттық, экономикалық және туристік ұйымдар, бизнес өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары, коммерциялық емес ұйымдар мен еріктілер қауымдастығы қатысады.
Дәл осы қонақжайлық қағидаты арқылы өңірдің ерекше гастрономиялық мәдениеті де таныстырылады. Оның басты символы – «Нагоя-мэси» (Nagoya Meshi).
Нагоя-мэси Азия ойындарының ресми мәдени елшісі ретінде шетелдік қонақтарды префектураның бірегей аспаздық дәстүрлерімен таныстырады. Бұл атау Нагоя қаласы мен Аичи префектурасына тән жергілікті тағамдардың жиынтық атауы болып саналады.
Жапонияда Нагоя-мэси дербес гастрономиялық бренд ретінде қабылданады. Оның ерекшелігі – дәстүрлі жапон асханасына қарағанда дәмінің қанық әрі тұздырақ болуы. Көптеген тағамдардың негізінде өңірде ғасырлар бойы өндіріліп келе жатқан қызыл мисо пастасы (ака-мисо) қолданылады.
Сондықтан Нагояға келген қонақтарға Мисо-кацу (Miso Katsu), Хицумабуси (Hitsumabushi), Тэбасаки (Tebasaki), Кисимэн (Kishimen) және басқа да танымал жергілікті тағамдарды татып көру ұсынылады.
5-қағидат. Спорт мәдениетін дамытуға үлес қосу
Азия ойындарын өткізу бүкіл өңірдің имиджін нығайтып, Аичи префектурасы мен Нагоя тұрғындарының мақтанышына айналуы тиіс.
Жарыстар аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуді жалғастыруды, жергілікті қауымдастықтардың дамуына қолдау көрсетуді, спортшылардың деңгейін арттыруды және белсенді өмір салтын насихаттауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар спорт арқылы балалар мен жастардың жан-жақты дамуына ықпал ету, халықаралық достық, өзара түсіністік және бейбітшілік секілді негізгі құндылықтарды дәріптеу көзделген.
Жарыстар қайда өтеді?
Азия ойындарының негізгі нысандары Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында орналасады.
Paloma Mizuho Sports Park стадионында ашылу және жабылу салтанаттары, сондай-ақ жеңіл атлетика жарыстары өтеді. Марафонның басталуы мен мәресі де осы жерде ұйымдастырылады.
Aichi Budokan аренасы джиу-джитсу, кураш және ушу жарыстарын қабылдайды. Ал Aichi International Arena кешенінде баскетбол мен дзюдо бәсекелері өтеді.
City Trade and Industry Centre ауыр атлетикадан жарыстардың орталығына айналса, Higashiyama Park Tennis Center теннис пен софт-теннистен медаль иелерін анықтайды.
Inae Sports Center аренасында ММА мен күрес түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. Nagoya International Exhibition Hall спорттық құзға өрмелеуді қабылдайды, ал Nagoya Velodrome BMX Race Course BMX жарыстарына арналған.
Nippon Gaishi Hall кешенінде спорттық, көркем және батут гимнастикасы бойынша жарыстар өтеді. Ал Rainbow Pool бассейнінде су добынан кездесулер ұйымдастырылады.
Obata Ryokuchi Urban Forest аумағында маунтинбайк жарыстары өтсе, Takeda Teva Ocean Arena сквош турнирінің аренасына айналады.
Сонымен қатар Аичидің әртүрлі қалаларында бадминтон, гандбол, волейбол, бокс, крикет, садақ ату, бейсбол, серфинг, кабадди, брейкинг, киберспорт, семсерлесу, каратэ, таеквондо, үстел теннисі, желкенді спорт, триатлон, ескек есу, каноэ слаломы және басқа да спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі.
Алыс кластерлер мен қосымша жарыс аймақтары
Шығындарды азайту мақсатында ұйымдастыру комитеті Аичи мен Нагояда жаңа мамандандырылған спорт нысандарын салудан бас тартып, кейбір жарыстарды Жапонияның басқа төрт префектурасына ауыстырды. Бұл өңірлерде қажетті инфрақұрылым бұрыннан дайын болғандықтан, жарыстарды өткізу әлдеқайда тиімді саналды.
Бұл спорт түрлеріне қатысатын спортшылар жарыс нысандарының жанындағы қонақүйлерге орналастырылады.
Ең шалғай орналасқан жарыс кластері Токио болады. Ол Нагоядан шамамен 350 шақырым қашықтықта орналасқан.
Жапония астанасы 2020 жылғы Олимпиада ойындарының мұрасын Азия ойындарына ұсынады. Tokyo Aquatics Centre кешенінде жүзу және суға секіру жарыстары өтсе, ат спорты бойынша бәсекелер Сетагая ауданындағы Tokyo Equestrian Park кешенінде ұйымдастырылады.
Төрешілер мен БАҚ өкілдері Нагоя мен Токио арасында жоғары жылдамдықты «Синкансэн» пойыздарымен қатынайды. Жол шамамен 1 сағат 40 минутты алады.
Нагоядан 130–180 шақырым қашықтықтағы Сидзуока префектурасында велотректегі жарыстар әйгілі Izu Velodrome кешенінде өтеді.
Хамамацу қаласындағы Hamamatsu Swimming Centre бассейні әртістік жүзу жарыстарын қабылдайды. Ал Фукурои қаласындағы 50 мың орындық Shizuoka Stadium Ecopa аренасында әйелдер арасындағы футбол турнирінің алдын ала матчтары мен финалы өтеді.
Осака префектурасы (Нагоядан 160 шақырым) Азия ойындарына өзінің аңызға айналған 47 мың орындық Nagai Stadium (Yanmar Stadium) стадионын ұсынады. Мұнда ерлер мен әйелдер арасындағы футбол турнирлерінің топтық кезең және плей-офф матчтары өтеді.
Нагояға ең жақын сыртқы кластер Гифу префектурасында орналасады (Нагоядан 40-80 шақырым).
Gifu Nagaragawa стадионы әйелдер футболынан алдын ала ойындарды қабылдайды. Каидзу қаласындағы Nagaragawa International Regatta Course каналында академиялық есу жарыстары ұйымдастырылады. Ал жаңартылған Gifu Prefectural Green Stadium аренасында көгалдағы хоккейден медальдар сарапқа салынады.
Гифудың Нагояға жақын орналасуы командаларға арнайы шаттл автобустар арқылы негізгі жарыс нысандарына небәрі 45–75 минутта жетуге мүмкіндік береді.
Юкихико Цуцумидің шоуы
2026 жылғы Азия ойындарының мәдени және шоу-бағдарламасына әйгілі жапон кинорежиссері Юкихико Цуцуми жауап береді. Ол ашылу және жабылу салтанаттарының қоюшылар тобын басқарады.
Цуцуми Жапонияда ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал режиссер саналады. Ол шытырман оқиғалы фильмдердің, психологиялық триллерлердің және ауқымды фантастикалық жобалардың авторы ретінде белгілі.
Оның бұқаралық мәдениетпен, стадиондық шоулармен және заманауи визуалды технологиялармен жұмыс істеудегі мол тәжірибесі Азия ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарын ерекше технологиялық қойылымға айналдырады деп күтілуде.
Режиссер өз тұжырымдамасының негізіне Азия халықтарын шынайы эмоциялар арқылы біріктіру идеясын енгізген.
Цуцумидің айтуынша, ол дәстүрлі тарихи шежірелерден бас тартып, әлемге заманауи Жапонияның «тамыр соғысын» көрсетуді мақсат етеді. Бұл үшін ол өңірдің ғасырлар бойғы дәстүрлерін ең жаңа цифрлық технологиялармен үйлестіруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында отандастарымыз жалпы саны 637 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 165 алтын, 180 күміс және 292 қола медаль бар.