Қазақстандық шахматшы Норвегиядағы турнирде бақ сынайды
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Ослода өтетін Norway Chess Women 2026 турниріне қатысу үшін Норвегияға келді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Әлемдегі ең беделді шахмат жарыстарының бірі саналатын турнир 25 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Бибісара әлеуметтік желідегі парақшасында ұшақтан түскен суретін жариялап, Норвегияға алғаш рет келгенін жазды.
22 жастағы қазақстандық шахматшы бұл додаға алғаш рет қатыспақ. Сонымен қатар ол Norway Chess Women тарихындағы ең жас қатысушы атанып отыр. Турнирде әлемнің үздік алты шахматшысы бақ сынайды.
Айта кетелік, жарыстың жалпы жүлде қоры 1,69 миллион норвег кронын құрайды. Бибісарамен бірге әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь, Хампи Конеру және Анна Музычук секілді танымал шахматшылар өнер көрсетеді.