Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде сәтті өнер көрсетуде
Шахматтан Norway Chess Women 2026 турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz.
Төртінші турда қазақстандық шахматшы қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Цзюй Вэньцзюньпен кездесті. Негізгі партия тең аяқталғаннан кейін қарсыластар армагеддон ойнады. Қосымша партияда ақ тастармен ойнаған Бибісара Асаубаева 6 минут 23 секундта жеңіске жетті.
Осылайша, қазақстандық шахматшы 1,5 ұпай еншілеп, 7 ұпаймен турнирдің жалпы есебінде бірінші орнын сақтап қалды. Төрт турдан кейін Бибісараның ең жақын қарсыласы — 5,5 ұпайы бар үндістандық Дивья Дешмух. Одан кейін украиналық Анна Музычук пен қытайлық Чжу Цзиньэр орналасқан — екеуінде де 5 ұпайдан.
Еске салсақ, алғашқы турда Асаубаева үндістандық гроссмейстер Хампи Конеруні жеңді, екінші турда Чжу Цзиньэрге қарсы армагеддонда басым түсті, ал үшінші турда қосымша көрсеткіштер бойынша Дивья Дешмухке есе жіберген болатын.