Мэттью Джордо Махачевтан мықты файтердің атын атады
Америкалық сарапшы Мэттью Джордо қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновты UFC-дегі ең мықты жартылай орта салмақтағы спортшылардың бірі деді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Сарапшының пікірінше, көпшілік Иэн Гэрридің деңгейін талқылап жүргенімен, ең әуелі «Шавкат Рахмонов қаншалықты мықты?» деген сұрақ болуы керек. Ол Иэн Гэрридің Карлос Пратесті жеңгенін мысалға келтіріп, егер Гэрри элиталық деңгейдегі файтер болса, онда Рахмонов одан да жоғары деңгейде екенін айтты.
Мэттью Джордо аралас жекпе-жектегі нәтижелерді салыстыру тәсілі көп жағдайда жұмыс істейтінін атап өтті. Оның сөзінше, жартылай орта салмақта Карлос Пратес, Иэн Гэрри және Шавкат Рахмонов әртүрлі деңгейде орналасқан, ал Рахмоновтың деңгейі Ислам Махачевпен шамалас болуы мүмкін.
«Шавкат Рахмонов қазір толық бабында болса, ол әлемдегі ең мықты жартылай орта салмақтағы файтер саналар еді. Сондай-ақ Ислам Махачевті жеңуге мүмкіндігі көп жалғыз спортшы сол ғана» деді америкалық сарапшы.
Айта кетелік, Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізіп, Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген болатын.