Белал Мухаммад: «Ислам Пратесті таңдайды деп ойлаймын»
UFC-дің жартылай орта салмағындағы бұрынғы чемпионы Белал Мухаммад дивизиондағы титулдық жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Файтер 77 келіге дейінгі салмақтағы қазіргі чемпион Ислам Махачевтің келесі қарсыласы кім болуы мүмкін екенін айтты.
Бұрынғы чемпионның пікірінше, титулға басты үміткер атануға екі жарқын проспект Карлос Пратес пен Майкл Моралес таласып отыр. Алайда титулдық жекпе-жек өткізу мүмкіндігі бразилиялық Пратесте жоғары.
«Қазіргі уақытта Ислам Пратесті шақырады деп ойлаймын. Меніңше, ол өзіне қарсылас таңдауға лайықты деңгейге жетті. Жанкүйерлер Пратесті жақсы көреді. Моралес те жақсы өнер көрсетіп жүр. Қазір екеуі де бұл мүмкіндікке лайық. Енді қарсыласын Ислам таңдайды. Ол осы жігіттердің кез келгенімен жекпе-жекке дайын. Меніңше, ол Пратесті таңдайды. Себебі соңғы кездері оның атын жиі атап жүр.
Екеуінің де өз ерекшелігі бар. Пратестің соққысы дәл әрі нокаутқа түсіре алатын қуатты страйкер. Ал Моралес — нағыз күш иесі, оның да соққысы өте қауіпті. Сондықтан екеуі де Ислам үшін өте күрделі сынақ болады», — деп Мухаммадтың сөзін MMAJunkie келтірді.