«Қайрат» ойынындағы даулы гол: Әубәкіров төрешілер шешімін сынға алды
Тәуелсіз төреші Әлібек Әубәкіров Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турындағы даулы эпизодқа баға беріп, «Елімайдың» голы ереже бұзушылықтан кейін соғылғанын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
26 сәуір күні өткен матчта «Қайрат» пен «Елімай» 2:2 есебімен тең түсті. Ойынның 12-минутында «Елімай» ойыншысы шабуыл кезінде қарсылас қорғаушыны қолымен ұстап қалып, соның нәтижесінде «Қайрат» футболшысы тепе-теңдігін жоғалтқан. Осы сәттен кейін қонақтар гол соққанымен, бас төреші Булат Сариев оны есепке алған.
Әубәкіровтың айтуынша, VAR жүйесіне жауапты Александр Затула бұл сәтте бейнеқайталауды ұсынуы тиіс еді. Дұрыс шешім голды жою және «Қайрат» пайдасына айып соққысын белгілеу болатын.
Айта кетелік, тур қорытындысы бойынша «Қайрат» 15 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр.