«Астана» «Ертісті» жеңіп, турнирлік кестеде үшінші орынға көтерілді
«Астана» Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясындағы кейінге шегерілген матчта Павлодардың «Ертісін» сырт алаңда жеңді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Кездесу 1:0 есебімен елордалық клубтың пайдасына аяқталды.
Бірінші таймда командалар есеп аша алмады. Ойын барысында «Астана» футболшылары басымдықты біртіндеп өз қолдарына алып, Мираc Рихардтың қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Алайда қонақтар мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады.
Матч тағдыры екінші таймда шешілді. Павлодарлық команданың айып алаңында қолмен ойнауынан кейін төреші пенальти белгіледі. Допқа Бауыржан Исламхан жақындап, дәл соққысымен «Астанаға» жеңіс сыйлады.
Үш ұпай еншілеген елордалық клубтың активінде 51 ұпай бар. Команда турнирлік кестеде үшінші орында келеді. Одан кейінгі «Ақтөбеде» 45 ұпай бар. Ал «Ертіс» 26 ұпаймен 13-орында қалды.