Қарсылас тараптың жаттықтырушысы Махачевтің деңгейін мойындады
Австралиялық Джек Делла Маддалена командасы ресейлік чемпион Ислам Махачевке қатысты күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Австралиялық файтердің жаттықтырушысы Бен Викерс 2025 жылдың қарашасында болған титулдық жекпе-жекті еске алды. Сол кездесуде Делла Маддалена төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіліп, чемпиондық белбеуінен айырылған болатын.
Викерстің айтуынша, бұл жекпе-жек олардың командасы үшін үлкен сабақ болды.
«ММА «төрелері» бізге 10 жыл бойы жылы қабақ танытып келді. Әйткенмен алғашқы титулды қорғау кезінде-ақ бізге тарихтағы ең ұлы файтердің бірін қарсылас етіп қоя салды. Сол сәттен бастап бәрі өзгерді» деді ол.
Сонымен қатар жаттықтырушы Махачевтің шеберлігіне ерекше тоқталды.
«Ол нағыз балуанның өзі. Біздің спорттағы ең үздік грэпплерлердің бірі. Мұндай деңгейдегі қарсыласпен кездескенде қателікке жол беруге болмайды» деп мойындады Викерс.
Айта кетелік, жаттықтырушының аталмыш сөзі жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсіп, Махачевтің деңгейі туралы жаңа пікірлер туғызды.