Әлем кубогы: Қазақстандық екі боксшы алғашқы айналымда сүрінді
Бокстан Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында әлем кубогының бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Күндізгі сессияда ерлер арасында жарыс жолына шыққан Жансері Көшербаев пен Дәулет Төлемісов алғашқы айналымнан аса алмады.
Жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, 60 келіде өз мүмкіндігін алған Жансері Көшербаев Ирландия боксшысы Джуд Галлахермен кездесті. Үш раунд бойы қос боксшы шаршы алаңның ортасын бермеуге тырысып, жоғары қарқында жұдырықтасты. Нәтижесінде соққылар алмасу барысында дәлдік танытқан Джуд Галлахер төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.
Әлем кубогының жеңімпазы, 90 келіге көтерілген Дәулет Төлемісов 1/8 финалда осы салмақтағы басты фаворит, әлем чемпионатының финалисі, жергілікті боксшы Фильо Исайаспен жолықты. Отандасымыз бірінші нөмірде жұдырықтасып, басымдықты алуға тырысса да, қарсылас қарымта шабуылда жылдам әрі дәл соққыларымен жеңісті өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 0:5.
Әлем кубогы: Назым Қызайбай алғашқы айналымнан сүрінбей өтті
Әлем кубогы: Қазақстан боксшыларының алғашқы қарсыластары анықталды