Дияр Нұрғожайдың UFC-дегі сәтсіз дебютінің себебі айтылды

Ресейлік Fight Nights Global промоушенінің президенті Камил Гаджиев қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы Дияр Нұрғожайдың UFC-дегі сәтсіз дебютіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
16 наурызда таңертең Нұрғожай Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 254 турнирінде бразилиялық Брендсон Рибейродан екінші раундта жеңілген болатын. Оның үстіне жекпе-жек алдында Дияр салмақ өлшеу кезінде қиындыққа тап болып, 2 келі артық көрсетті. Нәтижесінде, ол өз гонорарының 25 пайызын қарсыласына беруге мәжбүр болды.
– Менің ойымша, Дияр Нұрғожай толқуын жеңе алмады. Көбінесе спортшылар үшін дебют жекпе-жектер үлкен күйзеліс әкеледі, сондықтан олар өздерінің ең мықты қырларын көрсете алмай жатады. Бұл да сондай жағдай деп ойлаймын. Оның екінші жекпе-жегі өте маңызды болмақ. Дияр мен оның менеджеріне қарсылас таңдауда өте мұқият болуға кеңес беремін. Бірінші жекпе-жек үлкен қызығушылық тудырды, келісесіздер ме? UFC-дегі алғашқы айқас – және бірден Брендсон Рибейро, – деді Гаджиев.
Нұрғожай UFC-мен келісімшартқа былтыр қазанда Дана Уайттың Үміткерлер сериясының жеңімпазы ретінде қол қойған еді. Бұған дейін ол Хабиб Нурмагомедовтің Eagle FC промоушенінің чемпионы болған.