Қазақстандық футболшы неміс клубына ауысты
Қазақстандық қорғаушы Әзизбек Әбдуғаниев «Гертсхофен» клубымен маусым соңына дейін келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Маған бұл команданың өзі хабарласты, келісім жасастық. Бұл – кәсіби емес клуб, Баварияның Bezirksoberliga лигасында ойнайды. Төртінші лигада қаралымнан өтуге мүмкіндік болды, бірақ жарақатымнан кейін ойын тәжірибесі аз болғандықтан, «Гертсхофенмен» келісімге келуді жөн көрдім. Осы жазға дейін физикалық бабымды қалыпқа келтіріп, кәсіби клубқа ауысуды көздеймін», – деді футболшы Legalbet.kz порталына берген сұхбатында.
21 жастағы Әбдуғаниев – шымкенттік футбол мектебінің түлегі, Германияның DFI академиясында (Бад-Айблинг) білім алған.
Ол бұған дейін Германияның «Бад-Айблинг» U-19, «Тюркспор» (Аугсбург), сондай-ақ Австрияның «Грёдиг» екінші командасында ойнаған.
2024 жылдың жазынан бері жарақатына байланысты клубсыз жүрген еді.