Ресейлік комментатор қазақстандық футболшыларға жоғары баға берді

Ресейлік комментатор қазақстандық футболшыларға жоғары баға берді

Ресейлік комментатор Александр Шмурнов Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатиловтың «Сабах» сапында Чемпиондар лигасында көрсеткен ойынына баға беріп, Темірлан Анарбеков туралы да пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Маманның пікірінше, Покатиловтың «Хапоэль» мен «Манчестер Юнайтедке» қарсы матчтарынан кейін сынға алынуы негізсіз. Шмурнов әзербайжандық клубтың басты мәселесі қақпашының әрекетінде емес, қорғаныс шебінің ойынында екенін атап өтті.

«Ол жақсы ойнады! «МЮ-ға» қарсы матчтан кейін сөйлескенімізде, Стас нәтижеге қатты ренжіген еді. Бірақ оның немесе басқа біреудің сәтсіз ойнағаны туралы әсер болған жоқ. Бірінші таймдағы голдарға келсек, кешіріңіздер, ол жерде допты қайтару қиын еді. Қақпашыны кінәлау орынсыз», – деді Шмурнов.

Комментатор сонымен қатар қазақстандық футболшылардың шетелдік орта деңгейлі клубтарға ауысуға әрдайым ұмтылуы дұрыс емес екенін айтты. Оның пікірінше, чемпионатты тек деңгейі жоғары командаға ауысу үшін ғана өзгерткен жөн.

Шмурнов өткен жазда Еуропаның бір клубына ауыспаған Анарбеков туралы да жеке пікір білдірді. Маман жас қақпашының Қазақстан Премьер-лигасында ойнауы оның әрі қарай дамуына кедергі емес деп есептейді.

«Қақпашы үшін Қазақстан немесе Әзербайжан чемпионаты – қалыпты деңгей. Бұл – қауіпті сәттерде допты қайтару қабілетіңді сынайтын тартысты турнир. Жоғары деңгейге өту үшін ғана ортаңды өзгерту керек. Кез келген спортшы ең жоғары жетістікке ұмтылуы тиіс», – деді маман.

Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде «Сабах» «Арсенал», «Барселона», Дортмундтың «Боруссиясы», «Вильярреал» және «Наполи» клубтарымен кездеседі.


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или