Роналдудың рекорды, 5 гол. Португалия әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Роналдудың рекорды, 5 гол. Португалия әлем чемпионатын жеңіспен бастады

Португалия футболдан әлем чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Португалиялықтар H тобындағы алғашқы матчында Ганамен күш сынасты. Бірінші таймда гол соғылған жоқ.

Ал екінші таймда жанкүйерлер бес гол көрді. 65-минутта Криштиану Роналду гол соқты - Португалия капитаны пенальтиден көзге түсті. 

73-минутта Андре Айю таразы басын теңестірсе, бес минуттан соң Жоау Феликс Португалияны алға шығарды. Ал 80-минутта Рафаэль Леау алаңға шыққан бойда гол соқты. 

Гана футболшылары соңына дейін күресіп, 89-минутта Букаридің Осман Букаридің көмегімен есеп айырмасын қысқарта алды. Матч соңында Португалия қақпашысы Диогу Коштаның қателігінен кейін Гана есепті теңестіріп кетуге жақын болған, бірақ мүмкіндігін пайдалана алмады. Қорытынды есеп - 3:2, Португалия жеңіске жетті.

Бұл ойында Роналду екі тарихи рекорд орнатты. Ол құрама сапында он ірі турнирге қатысқан алғашқы футболшы атанды. Кейін пенальтиден көзге түсіп, бес әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы ретінде тарихта қалды. 

ӘЧ-2022. Н тобы. 1-тур.

Португалия - Гана – 3:2 (0:0)

Голдар: Роналду 65 (пенальтиден – 1:0), Айю 73 (1:1), Феликс 78 (2:1), Леау 80 (3:1), Букари 89 (3:2)

Ескерту: Перейра 90+1, Фернандеш 90+5 - Кудус 45+1, Айю 49, Сейду 57, Уильямс 90+1

Төреші: Эльфат (США)

24 қараша. Доха. 974 стадионы. 44 089 көрермен.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0