Қазақстан велоспорттан әлем чемпионатына құрамын жариялады
Қазақстандық велошабандоздар 20-27 қыркүйек аралығында Монреальда өтетін тасжол велоспортынан әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ересектер санатында Қазақстан намысын Антон Кузьмин, Даниил Марухин және Фаина Потапова қорғайды. Ал 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жарыста Владислав Башлыков, Мансұр Бейсембай және Михаил Подлужный өнер көрсетеді.
Тағы төрт қазақстандық спортшы жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысады. Олардың қатарында Мұрат Куитенов, Глеб Новиков, Павел Подлужный және Анель Ташбай бар.
Әлем чемпионатының бағдарламасына барлығы 13 жарыс кіреді. Спортшылар жекелей және топтық жарыстарда, сондай-ақ аралас командалық эстафетада жүлделерді сарапқа салады.
Алдағы әлем чемпионаты Монреаль үшін тарихтағы екінші дода болмақ. Қалада тасжол велоспортынан әлем чемпионаты алғаш рет 1974 жылы өткен. Сол кезде әлем біріншілігі тарихында алғаш рет жарыс Еуропадан тыс жерде ұйымдастырылған.