Грекия чемпионы XDS Astana Team командасымен екі жылдық келісімшартқа қол қойды
Грекияның қазіргі чемпионы Никифорос Арваниту қазақстандық XDS Astana Team командасымен келісімшартқа отырды. Келісім 2027 және 2028 жылдарға арналған, деп хабарлайды Prosports.kz.
Биыл 1 тамыздан бастап грек велошабандозы команда құрамында стажер мәртебесінде өнер көрсетіп, бірнеше жарысқа қатысты. Ол сол бәсекелерде өзін жақсы қырынан көрсетті.
«Норвегияның Арктикалық турында» Арваниту екі кезеңде үздік ондыққа енді. Сонымен қатар ол Томас Силваға көпкүндіктің жалпы есебінде жеңіске жетуге көмектесті. Бельгияда өткен «Гойксе Пейл» біркүндік жарысында грек шабандозы мәреге бірінші болып жеткен Макс Кантердің жеңісіне елеулі үлес қосты.
«Кюсю турында» да Арваниту командалық шабандоз ретіндегі қабілетін көрсетті. Бірінші кезеңде ол Маттео Малучеллиге нәтижелі лид-аут жасап, италиялық спортшының жеңіске жетуіне көмектесті.
Спортшының өзі XDS Astana Team негізгі құрамына қосылуын бала күнгі арманының орындалуы деп бағалады.
«XDS Astana Team командасына негізгі құрамның шабандозы ретінде қосылғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл — бай тарихы бар және осы жылдар ішінде көптеген жетістікке жеткен команда. Мен бала кезімнен осы ұжымға жанкүйер болдым. Енді оның құрамында Әлемдік турға өту — мен үшін нағыз арманның орындалуы», — деді Арваниту.
Грек велошабандозының айтуынша, стажер ретінде өнер көрсеткен кезеңде ол командаға тез бейімделіп, әріптестерімен бірге жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Келесі маусымда жоғары деңгейдегі жарыстарда өзін көрсетіп, қазақстандық жобаның алдына қойған мақсаттарына жетуіне көмектесуді көздеп отыр.
XDS Astana Team бас менеджері Александр Винокуров та жаңа шабандоздың болашағына оң баға берді. Оның айтуынша, Арваниту команданың мүддесі үшін жұмыс істеуге дайын, физикалық тұрғыдан мықты әрі көмекші шабандоз ретінде де, жеке нәтижеге қол жеткізу тұрғысынан да әлеуеті жоғары.
«Біз Никифоростың дайындығын жаттығу кезінде де, стажер ретінде қатысқан жарыстарда да бағалауға мүмкіндік алдық. Ол өзін өте жақсы қырынан көрсетті. Жас әрі мықты шабандоз, әрдайым командаластарына көмектесуге және ортақ мақсатқа жету үшін бар күшін салуға дайын», — деді Винокуров.
Команда басшысының пікірінше, грек спортшысының кәсіби тұрғыдан өсуіне барлық мүмкіндік бар. Алдағы екі жылда Арваниту қазақстандық ұжым сапында өзінің әлеуетін толық ашу үшін көп жұмыс істеуі керек