Франциялық велошабандоз 2027 жылдан бастап «Астанаға» ауысады
Франциялық Николя Бройяр мансабын Astana Team сапында жалғастырады. 2027 жылдан бастап 26 жастағы спортшы Қазақстан клубының намысын қорғайды. Ол командамен 2028 жылдың соңына дейін келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бройяр үшін биылғы маусым кәсіби деңгейдегі алғашқы жыл болды. Соған қарамастан, жас спортшы бірнеше маңызды нәтижесімен көзге түсті. Атап айтқанда, француз велошабандозы «Чехия туры» мен «Түркия Президенттік турында» жалпы есепте үздік бестіктің қатарына енді. Сонымен қатар ол тағы екі көпкүндік жарысты сегізінші орынмен аяқтады. Олар «Прованс туры» және «Приморские Альпы департаменті туры».
Бройяр XDS Astana Team командасына ауысу мансабындағы маңызды қадам болатынын айтты. Велошабандоз команданың жарыс стилін ерекше атап өтіп, тек нәтижеге қол жеткізіп қана қоймай, әрі қарай дамуды мақсат ететінін жеткізді.
«XDS Astana Team командасына және Александр Винокуровқа маған білдірген сенімі үшін алғыс айтамын. Осындай аңызға айналған әрі амбициясы жоғары командаға қосылу мен үшін үлкен мәртебе. Команданың шабуылға бейім стилі маған жақын, ол менің велоспорт туралы түсінігіммен сәйкес келеді. Мен үлкен мақсаттармен келіп отырмын және ең жоғары деңгейде даму арқылы уақыт өте келе Мировой турдың ең ірі жарыстарында маңызды рөл атқаратын спортшы болғым келеді», — деді Бройяр.
Команданың бас менеджері Александр Винокуров француз спортшысының алдағы жылдары айтарлықтай өсетініне сенеді. Оның айтуынша, Бройяр кәсіби мансабының енді бастапқы кезеңінде, сондықтан оның әлеуетін әлі толық ашу қажет.
«Николяның әлеуеті өте жоғары, ол оны енді ғана көрсете бастады. Қазір ол кәсіпқойлар арасындағы алғашқы маусымын өткізіп жатыр, ал мансабының келесі кезеңін Мировой турда өткізеді. Алда оны көп жұмыс күтіп тұр. Дегенмен уақыт өте келе Николя өзінің мүмкіндіктерін толық көрсетуге мүмкіндік алады», — деді Винокуров.