Танымал италиялық велошабандоз күтпеген жерден «Астананы» таңдады

Танымал италиялық велошабандоз күтпеген жерден «Астананы» таңдады

Италиялық велошабандоз Андреа Баджоли мансабын XDS Astana Team құрамында жалғастырады. 27 жастағы спортшы 2027 жылғы маусымнан бастап Қазақстанның WorldTour командасына қосылады. Тараптар 2028 жылдың соңына дейін екі жылдық келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Баджоли біркүндік жарыстардың мықты мамандарының бірі саналады. Италиялық спортшы шабуылға бейім мәнерімен ерекшеленеді және Еуропаның ең ірі жарыстарында елеулі нәтижелерге қол жеткізген.

2023 жылы Баджоли «Гран Пьемонте» классикалық жарысында жеңіске жетіп, бес монументалды классиканың бірі — «Тур Ломбардияда» екінші орын алды. Сонымен қатар оның қоржынында «Каталония Вуэльтасының», «Валлония Турінің», «Словакия Турінің» жекелеген кезеңдеріндегі және басқа да көпкүндік жарыстардағы жеңістері бар. Италиялық спортшы үшін биылғы маусым да сәтті өтіп жатыр. Баджоли «Австрия Турінің» бір кезеңінде жеңіске жетіп, «Швейцария Турінің» бір кезеңін үшінші орында аяқтады және «Мигель Индурайн Гран-приінде» бесінші орын алды.

Велошабандоздың өзі Қазақстандық командадан ұсыныс түскеннен кейін XDS Astana Team-ге ауысуға күмәнданбағанын айтты.

«XDS Astana Team-нің маған қызығушылық танытып отырғанын білгенде және ұсыныс алған кезде, бұл мен үшін дұрыс таңдау екенін бірден түсіндім. Мен бұл жобаны бұрыннан қызығушылықпен бақылап жүрдім, сондықтан оның бір бөлігі болу мүмкіндігі мені қатты шабыттандырады. Болашақ командаластарымның көпшілігін жақсы танимын және олардан үнемі жақсы пікірлер естіп жүрдім. Алдағы екі маусымда командаға тез бейімделіп, өзімді жақсы қырынан көрсете алатыныма сенімдімін. Менің басты мақсатым — әр мүмкіндік туған сайын жеңіс үшін күресу және командаға маңызды нәтижелерге қол жеткізуге көмектесу», — деді Баджоли.

XDS Astana Team бас менеджері Александр Винокуров команда италиялық велошабандоздың мансабын ұзақ уақыттан бері бақылап келе жатқанын және жаңа ұжымда оның әлеуетін толық аша алатынына сенетінін атап өтті.

«Андреа кәсіби мансабын өте ерте жаста бастап, бірнеше әсерлі нәтижеге қол жеткізу арқылы өзін тез таныта білді. Біз оны ұзақ уақыттан бері бақылап келдік, енді оны жобамызға шақыруға мүмкіндік туып отыр. XDS Astana Team сапында Баджоли өз мүмкіндіктерін барынша аша алатынына сенімдімін. Біркүндік жарыстар командамыз үшін басым бағыттардың бірі. Андреа секілді маман біздің команданы одан әрі күшейте алады. Сонымен қатар оның Гранд-турларға қатысу тәжірибесі мол екені де маңызды», — деді Винокуров.



Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или