«Астана» велошабандозы Қытайда қатарынан үшінші рет жеңіске жетті

«Астана» велошабандозы Қытайда қатарынан үшінші рет жеңіске жетті

XDS Astana Team командасының италиялық велошабандозы Маттео Малучелли Қытайда өтіп жатқан «Тайху көлі турының» төртінші кезеңінде жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Бұл Малучеллидің биылғы көпкүндіктің кезеңдеріндегі қатарынан үшінші жеңісі болды. Кезекті жеңісінің арқасында XDS Astana Team өкілі жалпы есепте көш бастап келеді.

Шешуші кезең алдында Малучелли ең жақын қарсыласынан 16 секундқа озып тұр. Ал көшбасшыдан тағы алты секундқа қалып келе жатқан Глеб Сырица жалпы есепте үшінші орында. Ол да XDS Astana Team сапында өнер көрсетеді.

«Бүгін бізді қысқа, бірақ өте қарқынды кезең күтіп тұрды. Сондықтан команданың көмегі аса маңызды болды. Барлық жігіт 100 пайызға жұмыс істеді, ал Лев Гонов пен Глеб Сырица мәреге жетуіме тамаша жағдай жасады. Осы күндері бір-бірімізбен өте жақсы жұмыс істедік. Қазір жарыс кезінде командаластарым мені сөзсіз-ақ түсінеді.

Мәре оңай болған жоқ, өйткені соңғы метрлер аздап өрге қарай өтті. Дегенмен біз тағы да жеңіске жеттік. Ертең соңғы кезең өтеді. Жалпы есептегі жағдайымыз жақсы, алайда босаңсуға әлі ерте – жұмысты соңына дейін жеткізуіміз керек. Глебтің спринтте өзін көрсету мүмкіндігі бола ма, көре жатармыз», – деді Малучелли.

Жалпы есептегі көшбасшылықтан бөлек, италиялық велошабандоз ұпайлар есебінде де бірінші орында тұр. Ал XDS Astana Team көпкүндіктің командалық есебінде көш бастады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или