«Астана» қаржылық мәселелердің реттелгенін мәлімдеді
Елордалық «Астана» футбол клубы соңғы уақытта команданың тұрақты жұмысына әсер еткен қаржылық мәселелердің шешілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Команданың баспасөз қызметінің мәліметінше, жағдайды реттеуге Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, клуб құрылтайшылары және қиын кезеңде «Астанаға» қолдау көрсеткен азаматтар атсалысқан.
Клуб қаржылық мәселелерді шешуге қатысып, команданың әрі қарай тұрақты жұмыс істеуіне көмектескен баршаға алғысын білдірді.
Сонымен қатар «Астана» ойыншыларды, бапкерлер штабын және клуб қызметкерлерін ерекше атап өтті. Олар туындаған қиындықтарға қарамастан, кәсіби міндеттерін атқарып, матчтарға дайындалып, нәтиже үшін күресті жалғастырған. Қазір елордалық клуб штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Командада маусымның шешуші кезеңі жақындағандықтан, негізгі назар спорттық міндеттерге аударылатынын атап өтті.
«Алда маусымның шешуші кезеңі тұр. Осыған байланысты клубтың барлық күші мен назары спорттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталады», – делінген «Астана» мәлімдемесінде.
Клубтағы қаржылық мәселелер 8 қыркүйекте көпшілікке белгілі болды. Сол кезде негізгі құрам футболшылары «Астана» басшылығы мен клуб құрылтайшысы – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КФ-на ұжымдық үндеу жолдаған.
Ойыншылар келісімшартта қарастырылған төлемдер бойынша қарыз бар екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, әр футболшыға кемінде үш айлық жалақы төленбеген.
Команда қарыздың толық өтелуін талап етіп, бұл талап орындалғанға дейін Қазақстан чемпионатының 2026 жылғы маусымындағы қалған ресми матчтарға қатыспайтынын жариялаған еді.