Роналду «Әл-Насрға» әлемдік рекордты қайталауға көмектесті
Криштиану Роналду «Әл-Насрдың» әлемдік футбол тарихына енуіне көмектесті. Саудиялық клуб 87 жыл бойы сақталған рекордты қайталады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Сауд Арабиясы чемпионатының 6-туры аясында «Абхаға» қарсы өткен өз алаңындағы матчта португалиялық шабуылшы 22-минутта баспен соққы жасап, командасын алға шығарды. Кездесу қорытындысы бойынша «Әл-Наср» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Лиганың Thmanyah телеарнасының мәліметінше, «Әл-Наср» ұлттық чемпионаттағы қатарынан 93-матчта гол соқты. Осылайша клуб 1936-1939 жылдар аралығында Аргентина чемпионатында қатарынан 93 ойында гол соққан «Ривер Плейттің» көрсеткішін қайталады. Саудиялық команданың бұл сериясы 2023 жылғы 8 желтоқсанда «Әл-Риядты» 4:1 есебімен жеңген матчтан басталған.
Енді «Әл-Наср» әлемдік футбол тарихында бұл рекордты жалғыз өзі иеленуге мүмкіндік алды. 12 қыркүйекте Про-лиганың 7-туры аясында команда сырт алаңда «Әл-Халиджбен» кездеседі.