Рыбакина US Open-2026 турнирінің финалына шықты
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жартылай финалда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған америкалық Кори Гауффпен кездесті. Тартысты өткен матч 2 сағат 10 минутқа созылып, Рыбакинаның 3:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңісімен аяқталды.
Осылайша, Елена Рыбакина мансабында алғаш рет US Open турнирінің финалына жолдама алды. Бұған дейін оның Нью-Йорктегі жарыстағы ең үздік нәтижесі төртінші айналымға дейін жету болған.
Бұл жеңістен кейін Рыбакина мен Гауффтың өзара кездесулеріндегі есеп 2:2 болды. Қазақстандық теннисші америкалық қарсыласын қатарынан екінші рет жеңіп отыр. Тамыз айында Торонтода өткен турнирдің жартылай финалында Рыбакина Гауффты 5:7, 6:2, 6:2 есебімен ұтқан.
US Open-2026 финалында Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкомен кездеседі.
Беларусь өкілі жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен жеңді.
Осылайша, Рыбакина мен Соболенко Australian Open-2026 финалындағы кездесуден кейін тағы бір ірі турнирдің шешуші матчында жолығады. Аустралиядағы финалда қазақстандық теннисші жеңіске жеткен болатын.
Жалпы, Рыбакина мен Соболенко осыған дейін 17 рет кездескен. Оның 10-ында Беларусь теннисшісі жеңіске жетіп, өзара матчтарда басымдық танытып отыр.