Шавкат Рахмоновтың октагонға қашан оралатыны белгілі болды
Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов тізе жарақатынан кейін толыққанды жаттығуға қайта оралуды жоспарлап отыр. Ол 2026 жылдың соңына дейін UFC-дегі жекпе-жектеріне қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық спортшының қазіргі жағдайы туралы бұған дейін «Номадпен» бірге жаттыққан Азамат Бақытов айтып берді. Оның сөзінше, Рахмонов екінші отадан кейін біртіндеп бабына келіп жатыр. Әзірге күрес жаттығуларына кіріскен жоқ.
Қазіргі уақытта қазақстандық файтердің дайындығы күш жаттығулары, қалпына келу процедуралары және бокс залындағы жұмыстардан тұрады. Рахмонов күрес жаттығуларына шамамен бір жарым-екі айдан кейін кірісуі мүмкін.
«Қазір Шавкат әлі де қалпына келіп жатыр, жарақаты бар. Ол бір жарым-екі айдан кейін күреске кірісетінін айтты. Сол кезде біз де барып, Шавкатқа көмектесеміз. Ол күреске оралған кезде бірге жұмыс істеуге келістік. Қазір оның жаттығулары тек темірмен жұмыс істеу, қалпына келу және бокстан тұрады. Жыл соңына қарай оралады деп күтіп отырмыз», – деді Бақытов «Вестник ММА» басылымына берген сұхбатында.
Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. UFC 310 турнирінде ол Иэн Мачадо Гэрримен бес раунд жұдырықтасып, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осыдан кейін қазақстандық файтер тізесіндегі жарақатына байланысты жекпе-жек өткізген жоқ. 2026 жылдың басында жарақаты қайталанып, оған екінші рет ота жасау қажет болды.