Бахрейн ханзадасы UFC файтеріне 100 мың доллар сыйақы берді

MMA басылымдарының хабарлауынша, Бахрейн ханзадасы ең жеңіл салмақтағы UFC файтері, ресейлік-британиялық Мухаммад Мокаевқа UFC London турнирінде америкалық Чарльз Джонсонды жеңгені үшін 100 мың доллар төлеген, деп жазады Prosports.kz.
Бұл туралы Мокаев Ариэль Хельваниге берген сұхбатында айтты.
- Бахрейн ханзадасы жекпе-жек алдында маған: «Егер Чарльз Джонсонды нокаутқа түсірсең, саған 100 мың беремін» деді. Байқасаңыз Чарльз Джонсон жеңіс үшін тырысқан жоқ, ол тек нокаутқа түсіп қалмауды ойлады. Оны мерзімінен бұрын жеңу қиын болды, себебі ол менің қолымнан ұстап, жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Егер қарсыласың жеңіске ұмтылса, оның қателігін пайдаланып, ұстау алуға болады. Соңында оны нокаутқа түсіре алмадым. Бірақ ханзада жекпе-жектен кейін киім ауыстыратын бөлмеде тұрғанымда телефон соғып: «Тыңда, 100 мың сенікі. Бәрі жақсы» деді, - деп еске алды Мокаев.
Айта кетейік, Лондонда Мокаев Джонсонды төрешілер шешімімен жеңді. Бұл оның UFC-дегі екінші жекпе-жектегі екінші жеңісі болды.