Мульдинов «Осиекке» қарсы матч туралы ойын айтты

Алдағы бейсенбіде «Қызыл-Жар» клубы тарихында тұңғыш рет УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіне қатысады. Петропавлдық команда хорватиялық «Осиекпен» кездеседі.
Prosports.kz журналисі маңызды матч алдында команданың түлегі Тимур Мульдиновпен сұхбаттасуды жөн көрді.
– Тимур, биылғы маусым «Қызыл-Жар» үшін қиын болып тұр, ҚПЛ аясындағы 15 ойынның үшеуінде ғана жеңіске жетті, сіздің ойыңызша, команда неге жиі жеңіске жете алмайды?
– Расында да, биылғы маусымда біз жанкүйерлерімізді бұрынғыдай жиі қуанта алмай отырмыз. Өз басым мұның көптеген себептері бар деп ойлаймын. Біріншіден, біз нашар ойын көрсетіп жатқан жоқпыз, керісінше, өткен маусыммен салыстырғанда команда ойыны жақсарды, өйткені біз доппен көбірек ойнап, бірінші нөмір ретінде әрекет ете бастадық. Статистикаға көз жүгіртсеңіз, жасалған гол соғу мүмкіндіктері мен соққылар саны бойынша «Қызыл-Жар» чемпионаттағы үздік үш команданың қатарында. Тек шабуылды сәтті түйіндеп, нәтиже шығару ақсап тұр. Екіншіден, чемпионатты өзімізде емес, Нұр-Сұлтанда бастағанымыз да әсер еткен шығар.
– Маусым барысында «Қызыл-Жарда» жаттықтырушылар штабы ауысты. Ойыншыларға жаңа бас бапкердің талабына бейімделу қаншалықты қиын болды?
– Қайта құру қашанда қиын, бірақ бұл біздің жұмысымыз. Өз басым Ханалиевичпен, оның талаптарымен бұрыннан таныспын.
– Чемпионатта да, ел кубогында да әлі гол соға алмадыңыз. Бұл жағдай сізге қандай қысым түсіре ме?
– Гол соға алмау кез келген шабуылшыға қысым жасайды, бірақ рецепт әрқашан бірдей - көп жұмыс істеу керек.
– Маусымдағы алғашқы голыңызды қашан соғуыңыз мүмкін?
– Келесі матчта соғам деп үміттенемін.
– Бейсенбі «Қызыл-Жар» Конференция лигасында Қазақстан атынан өнер көрсетеді. Тарихи кездесулерде командаға психологиялық фактор кедергі бола ма?
- Біз футболшымыз, бұған онша мән бермейміз. Әрине, белгілі бір сәтті күту бар, бірақ төрешінің алғашқы ысқырығымен бұл біз үшін кезекті бір матч басталады.
– Өз алаңындағы ойын Петропавлда өтпейді, бұл «Осиекке» қарсы алғашқы матчта команданың өз мүмкіндігін толық көрсетуіне кедергі бола ма?
– Әсер ететіні сөзсіз. Матч кезінде бүкіл Петропавл бізге қолдау көрсетер еді.
- Жасыратыны жоқ, алдағы кездесудің фавориті Хорватия клубы. Нұр-Сұлтандағы ойында «Қызыл-Жар» қалай таразы басын өз пайдасына аудара алды?
- Тәртіппен, жанымызды салып ойнауымыз керек, сонымен қатар сәттілік серік болса дейміз.
- Команданың халықаралық аренадағы алғашқы матчы алдында жанкүйерлерге не айтасыз?
– «Астана Аренаға» көп жанкүйер жиналады деп сенемін. Алаңда барымызды салуға дайынбыз, ешкім бұл ойынға жай қарамайды деп уәде бере аламын, алаңның әр сантиметрі үшін күресеміз.