Скалони Мессидің Аргентина құрамасына қашан қосылатынын айтты
Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони команданың капитаны Лионель Мессидің ұлттық құрама сапына қашан қосылатынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Месси елге аптаның соңында, құраманың Буркина-Фасомен жолдастық матчынан кейін келеді. Дегенмен, егер ол 3 қазанда ойнағысы келсе, келе алады», – деп келтіреді Скалонидің сөзін Diario Ole.
Алдағы уақытта аргентиналықтар үш жолдастық кездесу өткізеді. 30 қыркүйекте команда Боливиямен ойнаса, 3 қазанда Буркина-Фасомен кездеседі. Ал 6 қазанда Бенинге қарсы матч өткізеді.
Күтілгендей, Бенинге қарсы ойын Мессидің Аргентина құрамасындағы соңғы матчы болуы мүмкін. Бұл кездесуде аты аңызға айналған шабуылшы команданы алаңға капитандық таңғышпен бастап шығуы ықтимал.
Қазіргі таңда Месси ұлттық құрама сапында 207 матч өткізіп, 125 гол соққан.