Әлемдегі ең көп қаралатын футбол сайты анықталды
Мадридтік «Реалдың» ресми сайты әлемдегі футбол клубтарының ең көп қаралатын интернет-ресурстары рейтингінде кезекті рет көш бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Клубтың мәліметінше, realmadrid.com сайты бұл көрсеткіш бойынша қатарынан оныншы маусым көш бастап келеді.
Сайттың қаралым статистикасын SimilarWeb сараптамалық компаниясы зерттеген. Оның мәліметінше, аяқталған маусымда «Реалдың» ресми сайтына ай сайын орта есеппен 8,7 миллион рет кірген.
Бір маусым ішінде сайтқа кірген бірегей қолданушылар саны 86 миллионға жетті. Бұл көрсеткіш сайтқа кемінде бір рет кірген пайдаланушыларды қамтиды. Өткен маусыммен салыстырғанда, бірегей қолданушылар саны 9%-ға артқан.
Сонымен қатар сайттағы жалпы сессиялар саны 162 миллионнан асты. Қолданушылар 449 миллион бірегей парақшаны қараған. Бұл көрсеткіштер мадридтік клубтың ресми сайтының ауқымды аудиториясын көрсетеді.