Израиль құрамасының ойыншысы голын тойлағаны үшін алаңнан қуылды
Ұлттар лигасы аясындағы матчта Аустрия құрамасы Израильді 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Алайда матчтағы басты оқиға қонақтар құрамындағы резонанс тудырған алаңнан қуылу сәті болды. Израильдік шабуылшы Сайед Абу Фархиді өз командасының голын соққаннан кейін оны тойлағаны үшін екінші сары қағаз алып, алаңнан қуып жіберді.
Футболшы голын бұрыштама жалауының көмегімен тойлап, бильярдтағы соққыны салғандай қимыл көрсеткен. Алайда бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары оның бұл әрекетін нысанаға көздеу қимылы ретінде түсіндірген.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, голды тойлау кезінде орынсыз, келемеждейтін немесе арандатушылық сипаттағы әрекет жасаған ойыншыға төреші сары қағаз көрсетуі тиіс. Бұл ескерту Абу Фархидің алаңнан қуылуына себеп болды.
