Максим Самородов қазақ футболы тарихындағы ең қымбат футболшы атанды
«Ахмат» шабуылшысы Максим Самородовтың Transfermarkt-тағы нарықтық құны бірден 1,5 миллион еуроға өсіп, қазақ футболы тарихындағы ең қымбат футболшы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Енді 23 жастағы шабуылшының құны 4 миллион еуроны құрайды. Бұған дейін оның бағасы 2,5 миллион еуро болған.
Ал Мәскеудің «Динамосында» өнер көрсететін Бақтиер Зайнутдиновтың бағасы 500 мың еуроға төмендеді. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы қазір 2 миллион еуроға бағаланып отыр.
Ресей Премьер-лигасында ойнайтын тағы екі қазақстандық футболшының бағасы өзгерген жоқ. «Зенит» қорғаушысы Нұралы Әліп бұрынғыдай 2 миллион еуроға бағаланса, «Ахмат» ойыншысы Ғалымжан Кенжебектің нарықтық құны 600 мың еуроны құрайды.
«Крылья Советов» шабуылшысы Ислам Чесноковтың да бағасы өзгермеді — 1,2 миллион еуро.