Бокс

Зия Әлиев: Елеусінов АҚШ-та танымал боксшымен жұдырықтасуы керек

Зия Әлиев: Елеусінов АҚШ-та танымал боксшымен жұдырықтасуы керек

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтың (10-0, 6КО) менеджері Зия Әлиев Prosports.kz тілшісіне жерлесіміздің қашан рингке оралатынын және америкалық Верджил Ортиспен келіссөздер болған-болмағанын айтты (16-0, 16KO).

- Жақында Matchroom Boxing басшысы Эдди Хирн Даниярдың рингке сәуір немесе мамыр айларында қайта оралатынын айтты. Ресейлік Давид Аванесян қарсылас атануы мүмкін. Бұл қаншалықты рас?

- Данияр келесі жекпе-жегін сәуір-мамыр айларында өткізетінін растаймын. Қарсылас Аванесян болмайды. Мұны нақты айта аламын.

- Егер құпия болмаса, кіммен келіссөздер жүргізіп жатырсыз? Ал Елеусіновтің келесі қарсыласы сол Аванесянның деңгейіндегі боксшы бола ма?

- Әр жекпе-жекте Данияр үшін мықты қарсылас таңдауға тырысамыз. Штаттарда Елеусіновтың есімі енді танымал болып келе жатыр. Сондықтан бізге жергілікті жанкүйерлерді қызықтыратын қарсылас керек. Бір сөзбен, Данияр Америкаға танымал боксшымен жұдырықтасып, оны жеңуі тиіс. Бұл тіпті мексикалық боксшы да болуы мүмкін. Әзірге қай боксшылармен келіссөз жүргізіп жатқанымызды ашып айта алмаймын.

- Елеусінов кіші Верджил Ортиспен жекпе-жек өткізуге дайын болды деген әңгіме бар. Бірақ америкалықтың командасы бас тартыпты дейді?

- DAZN тарапынан осындай ұсыныс болды. бірақ Ортистің командасы бас тартты. Себебі бұл жекпе-жекті өткізуге әлі ерте.

Еске салайық, өткен жылдың қараша айында Флоридада Олимпиада чемпионы Данияр экс-әлем чемпионы Намибиялық Джулиус Индонгоны (23-3, 12КО) техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақтағы IBF Inter-Continental белбеуін жеңіп алды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0