Ангелина Лукас әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Германиядағы турнирде мерзімінен бұрын жеңіске жеткеннен кейін әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Prosports.kz.
BoxRec порталының жаңартылған рейтингі бойынша 29 жастағы спортшы аса жеңіл салмақтағы үздік боксшылар арасында екінші орынға жайғасты. Қазақстандық боксшының алдында тек абсолютті әлем чемпионы, жеңіліп көрмеген даниялық Дина Торслунд (25-0, 9 КО) тұр.
Лукас өз салмағында бұған дейін барлық негізгі чемпиондық белбеуді иеленген австралиялық Черника Джонсонды (19-3, 8 КО) басып озды.
Қазақстандық боксшы рейтингтегі жетістігіне қатысты эмоциялық жазба жариялап, алдағы мақсатымен бөлісті.
«Бүгін – өмірімдегі ең бақытты әрі ерекше күндердің бірі! Біз Қазақстанның әйелдер кәсіпқой боксының тарихын жазып жатырмыз! Мен үшін бұл рейтингтегі жай ғана орын емес. Мұның артында жылдар бойғы ауыр еңбек, сынақтар, көз жасы және арманыма деген үлкен сенім жатыр.
Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізе алмаймын. Эмоциямды ұстай алмай, қуаныштан жылап отырмын.
Өткен жолымды, барлық қиындықты және ерекше ауыр болған сәттерді еске алып отырмын. Бірақ мен алға жылжуды тоқтатпадым. Еліміздегі әрбір қыздың армандап, өзіне сеніп, ешқашан берілмеуін қалаймын!
Маған сенетін, қолдау көрсететін және қуанышымды бөлісетін әрбір адамға рақмет! Сіздердің махаббаттарыңыз маған алға жылжуға күш береді! Ендігі басты мақсатым – абсолютті әлем чемпионы атану!» – деп жазды Лукас әлеуметтік желіде.
Еске салайық, 21 қарашада Лукас Германияда алғаш рет кәсіпқой рингке шықты. Ландсхут қаласында аргентиналық Аньелен Эспиносаға (8-3, 0 КО) қарсы өткен сегіз раундтық жекпе-жекте қазақстандық боксшы жетінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Бұл Лукас үшін кәсіпқой мансабындағы 17-жеңіс болды. Оның еншісінде бір жеңіліс және нокаутпен аяқталған он жеңіс бар.