Георгий Кичигин ACA лигасындағы дебютінде жеңіске жетті

Қазақстандық файтер, FNG ұйымының жартылай орта салмақтағы (77 кг) бұрынғы чемпионы Георгий Кичигин Ресейдің ACA лигасында сәтті дебют жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Мәскеуде 30 жастағы «Рыцарь» (24-6) компанияның тағы бір дебютанты тәжікстандық Мамуржон Хамдамовпен (10-2) кездесті. Қағаз жүзінде Кичигин басым тұрғанымен, тәжік спортшысы қарсыласын да, жанкүйерлерін де таң қалдырды.
Бірінші раунд қазақстандық жекпе-жек шебері үшін өте қиын болды, Хамдамов өзінің басымдығын үнемі арттырып, қысым жасауға тырысты. Бірақ екінші раундтан бастап Георгий қарсыласын жығып, үстемдік құра бастады.
Үшінші және соңғы раунд Георгий Кичигиннің толық басымдығымен есте қалды, ол қарсыласын үш рет буындырды, бірақ Хамдамов шыдас берді.
Дегенмен Георгий Кичигин қатарынан төртінші жеңісін тойлады және ACA лигасындағы дебютін сәтті өткізді.