Кипр кешірмеді. Үшінші орыннан үміт үзілді

Кипр кешірмеді. Үшінші орыннан үміт үзілді
news-banner7
mobile-news-top

2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатын іріктеу аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Кипр футболшыларын қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қазақстан құрамасы елордада өткен ойынның алғашқы таймын жақсы бастады. Ә дегеннен «Астана Арена» қожайындары шабуылға жиі ұмтылып, жылдам гол соғуға тырысты. Оныншы минутта құрамадағы қайраттықтар әдемі комбинация ұйымдастырды. Қапталдан асырған Ғафуржан Сүйімбаевтің пасына Исламбек Қуат қақпашыдан да, қорғаушыдан да бірінші болып жеткен. Өкінішке орай, Қуат қақпаның жақын бұрышын дәл көздей алмады.

Жігіттерімізге стандарт серік болды. Бұрыштамадан кейін Қуат қақпаға соққы бағыттады. Доп қақпа бағанысынан кері серпілді. «Ордабасыда» доп тебетін Темірлан Ерланов қырағылық танытып, футбол снарядын торда тулатып, есеп ашты.

Тайм аяқталғанша Қазақстан құрамасында есепті еселей түсетін бірнеше мүмкіндік болды. Қуат тағы да мүлт кетті. Қақпашымен бірге-бір шыққан футболшымыз қақпа күзетшісінен айла асыра алмады.

Матчтың екінші бөлігіне қазақстандық футболшылар жеңісті есепті сақтап, ойынды аман-есен аяқтасақ деген оймен ғана шықса керек. Алғашқы таймдағы белсенділіктің жұрнағы да байқалмады. Әрине, Кипр де тайлы-тұяғымен шабуылға аттанған жоқ. Қарсыластың ойынның бірінші бөлігіндегі қарқынынан сескенсе керек. Кездесудің 70-ші минутынан кейін қонақтар ес жия бастады. Таразы басын теңестірді. Осы ойында бірнеше мәрте қателікке бой алдырған Ян Вороговский жауап беретін оң қапталдан қақпамызға нәтижелі шабуыл ұйымдастырылды. Ян қарсылас футболшысына емін-еркін айып алаңға пас асыруына кедергі жасай алмады. «Копенгагенде» доп тебетін Пьерос Сотириу баспен соққы бағыттап Дмитрий Непогодовтың қақпасын дәл көздеді. Араға он минут уақыт салып Николас Иоанну жеңісті допты да соғып кетті. Қазақстан құрамасы қолдан тұрған жеңісті жіберіп алды.

Өз алаңындағы жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы өз тобында төртінші орынға сырғыды. Кипр болса үшінші сатыда тұр.

Қазақстан - Кипр - 1:2

Голдар: Темірлан Ерланов 34 - Пьерос Сотириу 73, Николас Иоанну 84

Қазақстан: Дмитрий Непогодов (Қ) - Ғафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Александр Марочкин, Ян Вороговский - Исламбек Қуат, Юрий Перцух, Айбол Әбікен, Бауыржан Исламхан (К) - Тоқтар Жаңғылышбай;

Қосалқы құрам: Стас Покатилов (Қ), Игорь Шацкий (Қ) - Виктор Дмитренко, Дмитрий Мирошниченко, Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Олжас Керімжанов - Асхат Тағыберген, Георгий Жуков, Максим Федин - Сергей Хижниченко;

Бас бапкер: Михал Билек

Кипр: Костас Панайи (Қ) - Николас Янну, Костас Лаифис, Гиоргос Меркис (К), Костас Мидиккис - Яннис Кости, Хамбос Кириаку, Костакис Артиматас, Яннис Кусулос - Фотис Папулис, Пиерос Сотириу;

Қосалқы құрам: Урко Пардо (Қ), Михаэл Неофитос (Қ) - Антреас Каро - Михалис Янну, Йоргос Экономидес, Гиоргос Папагеоргиу, Ренату Маргаса, Энтони Георгиу, Матья Шполярич - Такис Захариу, Димитрис Христофи, Яннис Питтас;

Бас бапкер: Ран Бен-Симон.

10 қазан. Нұр-Сұлтан. "Астана Арена"

Фото: kff

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер