Луис Энрикенің қызы адам өлімімен аяқталған жол апатына қатысты
Франциялық «ПСЖ» клубының бас бапкері Луис Энрикенің қызы Сира Мартинес адам өлімімен аяқталған жол апатына қатысы бар көліктің ішінде болған, деп хабарлайды Prosports.kz.
Marca басылымы испаниялық A Punt телеарнасына сілтеме жасап хабарлағандай, жол апаты 8 қазан күні кешке Испанияның Ла-Сафор ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік пен мотоцикл соқтығысқан. Оқиға кезінде Мартинес көліктің ішінде болғанымен, рөлде басқа адам отырған.
Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері мотоцикл жүргізушісін тапқанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ер адам жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Соқтығыстан кейін көлік жүргізушісі алкоголь мен есірткіге тексерілген. Екі сынақтың да нәтижесі теріс болған. Ал Сира Мартинес апаттан зардап шеккен жоқ.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жол апатының нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр. Көлік жүргізушісі әзірге іс бойынша күдікті болып отыр. Түпкілікті қорытынды қажетті тексерулер аяқталғаннан кейін жасалады.