Эстафета қабылданды. Мане Салахқа неге ренжулі?
«Ливерпуль» шабуылшысы Садио Мане АПЛ-дың 4-туры аясында өткен «Бернлиге» қарсы матч кезінде әріптесі Мохамед Салахтың әрекетіне наразалығын білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ойынның 85-ші минутында Салах қарсылас айып алаңында қорғаушыны айналып өте алмай қалады. Сол жағында әріптесі Мане пас күтіп тұрған. Сенегалдық футболшыға доп жетсе, ол қақпашымен бетпе-бет шығушы еді. Алайда, мысырлық Мохаммед бұл сәтте басқа шешім қабылдап, нәтижесінде доптан айырылып қалды.
Әріптесінің әрекетіне деген наразылығын Мане Юрген Клопп оны алмастырғаннан кейін, алаң жиегінде білдірді. Садио қосалқы құрамның футболшылары отыратын орындықта бұлқан-талқан болып, бапкерлерге өз шағымын айтқан. Оның қолдарының қимылынан «ашық тұрған маған неге пас бермейді?» дегенді ұғуға болады.

Айта кетейік, 4 турдан кейін «Ливерпуль» жүз пайыздық көрсеткішпен (12 ұпай) АПЛ-да көш бастап тұр. Команда 12 гол соққан. Оның үшеуі - Салахтың, екеуі - Маненің еншісінде.
Еске сала кетейік, екінші турда «Манчестер Сити» бапкері Пеп Гвардиола мен Серхио Агуэро да «Тоттенхэмге» қарсы болып жатқан матч кезінде алаң жиегінде сөзге келіп қалып, эмоцияға ерік берген еді.
Осылайша, былтырғы маусымның жеңімпазы «Манчестер Сити» мен вице-чемпион «Ливерпульде» маусым басталғанына бір ай болмай дау болды. АПЛ-дың топ клубтары осындай эстафета бастағанға ұқсайды.
Sadio Mane, a player that rarely displays emotion is ANGRY at his team mate, suspectedly Mo Salah pic.twitter.com/BBL6xhAuxR
— Sulaiman Folarin (@sulaiman4real) 31 августа 2019 г.